2018 жылғы 19 қазанда Елбасы кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі композитор, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» Орденінің иегері, Астана қаласының құрметті азаматы  Төлеген Мұхамеджановтың шығармашылық кездесуі өтті. «Көксерек», «Махаббат бекеті», «Біржан сал», «Құнанбай» және басқа да композициялардың авторы, талантты тұлғамен жүздесуге Астана қаласы оқу орындарының студенттері ғана емес, Маңғыстау өңірінен семинар-тренингке қатысуға келген оқушылар да қатысты.

Мәдени шараны ашқан  Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов кездесуге қатысушыларды Төлеген Мұхамеджанұлының шығармашылық жолымен таныстырып, ұлттық музыка өнерінің дамуына қосқан үлесін, қайраткерлік келбетін атап өтті:

– Төлеген Мұхамеджанұлы – көптеген  симфониялардың, опералардың, камералық шығармалардың, кинофильмдер музыкаларының,  театралдық шығармалардың, романстар мен әндердің авторы. Ұлы Абайдың өлеңдеріне вокалды топтамалар жазған. Төлеген Мұхамеджановтың «Құс жолы», «Іңкәрім-ай», «Мен деп ойла»,  «Заман-ай», «Аққу Арман», «Астана кеші» және басқа да әндері халқымыздың сүйіп тыңдайтын әндеріне айналды. Т.Мұхамеджанұлының алғашқы авторлық пластинкасы 1982 жылы Мәскеу қаласында  жарыққа шықты. Төлеген Мұхамеджанұлы 1987-1988 жылдары – Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры, «Азия дауысы» халықаралық фестивалінің директоры, елордамыздың жаңадан қалыптасу кезеңінде жеті жылға жуық Астана қаласы әкімінің орынбасары, 2004-2007 жылдары – тікелей сайлау арқылы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2007-2012 жылдары – Елбасымыздың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты, 2012-2014 жылдары – «Астана Опера» мемлекеттiк опера және балет театрының алғашқы бас директоры сынды жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Халықаралық «Бейбітшілікке мәдениет арқылы» қауымдастығының, «Рухани келісім конгресі» халықаралық қорының президенті. Төлеген Мұхамеджанұлының ақындығы бір төбе. Жуырда ғана «Жан Луна» аттты бүркеншек атпен екі кітабы қайта басылып шықты, - деген Әмірхан Мұратбекұлы кештің басты кейіпкеріне «Назарбаев орталығы» атты альбом-кітапты естелік ретінде тарту етіп, сөз кезегін композиторға берді.

– Құрметті жастар, қадірлі қонақтар! Мен бұрыңғы Семей облысының Беген деген кішкене ауылында дүниеге келдім. Балдәурен балалық шағым  осы қазақ ауылда өтті. Мектеп табалдырығын алты жасымда аттадым. Ол кезде бүгінгідей теледидар, компьютер, ғаламтор, ұялы телефон болмаса да, бала күнім қызыққа, қуанышқа толы болды. Әлі есімде, радионың үнін алғаш он жасымда естідім. Кешкісін берілетін тамаша әуендерді ұйып тыңдайтынмын. Бала кезден «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздеген адаммын. Өмірдегі арманым өнер жолында жүру ғана болды, жас кезімнен музыкаға жақын болып өстім, бірінші әнімді он екі жасымда жаздым. Алғашқы ұстазым деп туған ағам Ерсайынды есептеймін, - деп, балалық шағына саяхат жасаған Төлеген Мұхамеджанұлы «ата-анаңыз қандай адамдар еді?» деген сұраққа да жауап берді:

– Мені өнер жолына баулыған – дүниеден ерте өткен әкем. Ол кісі домбырамен ән салатын, мен бала болсам да әкем салған әндерге елітіп тамсанатынмын. Анам ерекше адам болатын. Семей қаласындағы №2 мектеп-интернатында оқып жүргенімде ән айтып, түрлі конкурстарға қатысып жүрдім. Соңғы қатысқанымда дауысым қазылар алқасы мүшелеріне қатты ұнап қалса керек, мені музыкалық училищенің вокалдық бөліміне емтихансыз қабылдайтындықтарын айтты. Қуанғанымнан төбем көкке бір елі жетпей, жағымды жаңалығымды анаммен бөлістім. Ол кісі қарсылық танытып: «Ертеңгі болашағыңды ойла. Әуен жаз, әніңді айт. Оған қарсылығым жоқ. Бірақ, басы бүтін өнер жолына кетемін дегенді қой», - деп қуанышымды су сепкендей басса да, кейін музыкалық жоғары оқу орнында  оқып жүрген кезімде үйдегі жалғыз сиырды сатып, маған күйсандық алып берді. Осы күйсандық танымал әнші Роза Рымбаева алғаш орындаған «Құс жолы» әнінің шығуына себепші болды. Мұны анамның өнеріме деген қамқорлығы деп білемін, - деді композитор.

Кездесу барысында талантты тұлға жастар тарапынан қойылған сан түрлі сұрақтарға ашық әрі шынайы жауап берді, өнегелі  өнер мен өмір жолынан сыр тарқатты.

– Анам өнер жолын таңдауыма қарсылық танытқаннан кейін Семей педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша аяқтап, ұстаздық қызметте жүрсем де өнерге деген құлшынысым азаймады. Жиырма бесімде барлығын қайтадан бастап, түбегейлі музыкаға бет бұруыма ықпал еткен қазақ өнерінің тұлғалы тұғырының бірі, танымал композитор Теміржан Базарбаев ағамыз еді. Осы ағамыздың жол көрсетуімен 1973 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға түсуге бел байладым. Жоғары оқу орнын бітірген жас маман болсам да, музыкалық білімім жоқ болғандықтан оқуға қабылдануым қиынға соқты. Осыған байланысты, бірбеткей мінезіммен сол кездегі Қазақ КСР Жоғары және орта білім министрі Кенжалы Аймановтың қабылдауында да болдым. Министр ағамыз: «Егер бойыңда шынымен талантың болса, алдымен консерваторияға барып дәлелдеуің керек. Егер консерватория қолдаса, мен қабылдануыңа рұқсатымды беруге әзірмін» - деп, шығарып салды. Министрдің айтуымен консерваторияда сынақтан сәтті өтіп, консерваторияның дайындық бөліміне қабылдандым. Өнер жолына кеш келсем де консерватория қабырғасында күніне он бес сағатқа дейін күйсандық алдындағы тынымсыз еңбегімнің арқасында оқу бағдарламасын ойдағыдай меңгере алдым. Осы арада, жастар - Сендерге айтарым, еңбек қана адамды жоғары жетістіктерге жетелейтінін ешқашан естен шығармаңдар. Осылайша, өнер жолына кештеу келсем де, содан бері қазақ музыкасының дамуына өз үлесімді қосып келемін, - деді Төлеген Мұхамеджанұлы. Сонымен қатар, кештің басты кейіпкері өзінің тағы бір қыры  - ақындыққа келу жолымен бөлісіп, «Махабатты білдіру» атты жыр жинағынан бірнеше өлең оқып берді.

Кездесу соңында Төлеген Мұхамеджанұлы тыңдармандарына алғысын білдіріп, Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжановқа кітапхана қорына арнап, авторлық кітаптарын тарту етті.

Төлеген Мұхамеджанұлының шығармашылығымен жақынырақ авторлық сайты арқылы танысуға болады: http://tolegenmukhamejanov.kz