ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА КҮНШЫҒЫС ЕЛІНЕН КЕЛГЕН ҚОНАҚТАРМЕН КЕЗДЕСУ

Бүгін, 2019 жылғы 1 қазан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов елордаға ядролық қарусыз әлем тақырыбындағы халықаралық көрмемен келген Сока Гаккай Интернешнл (SGI) ұйымының вице-президенті Хироцугу Тэрасаки бастаған жапондық делегациямен кездесті.

                          

Әмірхан Рахымжанов әңгіме барысында ««Қазақстан-Жапония: Ядролық қарусыз әлемге жол» атты көшпелі ғылыми-экспозициялық жобасы аясында Токиода өткен кездесуден кейін Сока Гаккай Интернешнл басшылығымен қайта жүздескеніне қуанышты екенін білдірді.

- Осы сәтті пайдалана отырып, Елбасы кітапханасының атынан Сока Гаккай Интернешнл президенті Дайсака Икеда мырзаға өз кеңсесінде жақында болған жылы қабылдауы үшін ризашылығымды жеткізгім келеді. Токиодағы Елбасы кітапханасының көрмесі арқылы Елбасының ядролық қарудан азат әлем құру жөніндегі бастамалары Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін алғаш рет шетелдік қоғамдастыққа ұсынылғанын ерекше атап өткім келеді. Аталған іс-шара Қазақстан мен Жапонияда ғана емес, басқа елдерде де үлкен оң резонанс тудырды. Сондай-ақ, бүгін ашылғалы тұрған «Сіз бағалайтынның бәрі – ядролық қарудан азат әлем үшін» көрмесі де отандастырымызды қызықтыруда, - деп атап өтті Ә.Рахымжанов.

Өз кезегінде Сока Гаккай Интернешнл ұйымының вице-президенті Хироцугу Тэрасаки қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, алдағы халықаралық көрменің қоғамдастық үшін маңыздылығын атап өтті.

- Біз үшін Қазақстанның Тұңғыш Президентінің құрметті есімімен аталатын елордада көрме ұйымдастыру үлкен мәртебе. Қазақстанның аз уақыт ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін білеміз. Ядролық қарудан азат әлем құру ортақ міндетіміз деп санаймыз. Осы бағытта сіздің еліңіз Елбасы басшылығымен ауқымды жұмыс атқарды. А.ж. 13 қазанына дейін Нұр-Сұлтан қаласында өтетін халықаралық көрме болашақ қарым-қатынасымыздың негізі болады деп ойлаймын, - деді Х.Тэрасаки.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі бағыттарын, оның ішінде ядролық қарудан азат әлем құруға шақыратын бірлескен іс-шараларды өткізу туралы талқылады.

Кездесу соңында жапон делегациясының басшысына белгілі ғалым, мемлекет қайраткері Махмұд Қасымбековтің «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабы тарту етілді.

             

Soka Gakkai International (SGI) – бейбітшілік, мәдениет және білім саласындағы қызметті халықаралық деңгейде жүзеге асыратын ұйым. Ол әлемдегі елдер мен өңірлердің 93 ұйымы мен 192 мемлекетте өмір сүретін 12 миллион адамды біріктіреді. Қауымдастық 1957 жылдан бастап ядролық қаруды қолдануды адамзатқа қарсы қылмыс деп есептеп, ядролық қаруға тыйым салу декларациясын ұстанады. SGI штаб-пәтері Жапонияда (Токио қ.) орналасқан. Атап айтқанда, ол әлемде БҰҰ-ның үкіметтік емес ұйымы ретінде бейбітшілік пен қарусыздандыру бойынша ағартушылық қызметімен танымал.