2019 ж. 30 сәуірінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Санкт-Петербург мемлекеттік театр және музыка өнері музейінің қорынан «Құрсауда қалған виолончель» көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Іс-шара «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасының аясында «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ және StagePro компаниясының белсенді қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Көрме Лениниград құрсауын бұзудың 75 жылдығына арналған.

Іс-шараны Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ашты:

– Ленинградтың тарихи оқиғасын сөз етерде шаһар қорғаушыларының ержүректігі, сұрапыл кезеңдегі еңбекқорлығы еске түседі. Құрсауға алынған тұрғындар жауынгерлік рухтың, мызғымас қайрат пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Олар еңбек етіп, күн көріп қана қоймай мәдени мұраның, әлемдік өнердің қайталанбас қазынасын қалдырды. «Құрсауда қалған виолончель» көрмесі бұл сөздердің айқын дәлеліне айналып отыр.

Шараға 110 жылдық тарихы бар Санкт-Петербург мемлекеттік театр және музыка өнері музейінің директоры Наталья Метелица да қатысты:

– Санкт-Петербург мемлекеттік театр және музыка өнері музейінің шағын көрмесі бүгін Қазақстанда алғаш рет ашылып отыр.  Жарты миллионға жуық жәдігерлеріміздің арасынан біз қос ұлттың ортақ тағдырынан сыр шертетін жәдігерлерді алып келдік. Ленинград түбіндегі шайқастың аяқталғанына биыл 75 жыл. Сұрапыл соғыстың көрінісін көзбен көрген қандастарымыздың саны көп. Жанарға жас, самайға ақ түсірген соғысты бейнелейтін жәдігерлер де аз емес. Ол кезеңде тұрғындармен бірге театрлар да қаладан көшіріліп жатты. Белгілі бір себептерге байланысты қалада қалған адамдар блокадалық театр құрды. Оның 1943 жылғы афишасын бүгінгі көрмеден көруге болады. Құрсау тұсында жасалған бірегей виолончель де келушілердің назарына ұсынулы тұр. Мұндай жәдігерлер елге деген  сүйіспеншілік пен өнерге деген құлшынысты бейнелейді, - деді ол.

Таяуда, Grotrian Steinweg Nachf роялі мен Ленинградтан Қазақстанға әкелінген «құрсаудағы виолончельдің» орындауында Нұр-Сұлтан қ. Кардиохирургия орталығында музыкалық концерт өткен болатын. «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқармасының төрағасы Юрий Пя келушілермен пікір бөлісті:

– Дәрігер мамандар кез келгенді оңалту үшін әуелі науқасқа мейірім танытып, оның жағдайын түсінуге тырысады. Себебі, жанашырлық – адамзат үшін аса маңызды қасиет. Бүгінгі көрме келе жатқан Ұлы Жеңіс күні қарсаңында  талайлардың өмірін жалмап, көптеген адамды жақындарынан айырған соғыс күндерін елестетуге, қиын-қыстау кезеңдерді өткерген қандастарымыздың жағдайын сезінуге мүмкіндік береді. 44-ші жылдың күзінде болған Ленинград блокадасы әлем тарихында табы қалған азапты кезең еді. Әбден қиналса да, қаланы бермеген кеңес әскері үшін ақыр аяғында азаттықтың ақ туы желбіреді. Үш жылға ұласқан азаптың куәгерлері қазіргі бейбіт күнге тәубе дейді. Жан түршігерлік оқиғаның енді ешбір елде қайталанбауын тілейді. Сондықтан, жеңіс жолында жанын құрбан еткендерді ерекше құрметтеу, есімізде сақтау – ортақ міндет.

«Құрсауда қалған виолончель» көрмесінде трагедиялық дәуірдің образдарын бейнелейтін кескіндеме, фотосурет коллекцияларынан  және музыкалық бұйымдардың кешені ұсынылды. Көрермендер назарына кәсіби суретшілер емес, жас ленинградтықтардың қолынан туындаған блокадалық кезеңнің графикасы көрсетілді.

Әлемге әйгілі «құрсауда қалған виолончель» көрменің орталығына қойылды. Шебер Алексей Ушаков виолончельді блокадалық Ленинградта 1941 жылы құра бастады. Жұмыстың аяқталуына соғыс кедергі болды. Блокада кезінде виолончель бүлінгендіктен, іздері қазіргі күнге дейін көзге түсерлік. Шебер аспапты 1956 жылы аяқтады. Ол музыкалық аспаптардың ленинградтық коллекциясына түсті. Қазірде қайта жөнделген виолончельді жас әрі белгілі музыканттар тартады.

Көрмеде блокадалық Ленинградтың қаһарлы қысын бастан кешірген 18 жасар суретші Елена Марттиланың деректі және рухани графикалық суреттері ерекше орынға ие. Олардың арасында – Дмитрий Шостаковичтің портреті; блокадалық кезеңдегі Ленинград радиосының директоры, ақын Ольга Берггольцке арналған  «Ленинград сөйлейді» гравюрасы; «Концертке» гравюрасы (Қар басқан Ленинград. Виолончельді шанаға салып алған еңкіш әйелге кішкентай баласы көмектесіп жатыр. Ол кездің музыканттары концертке барар жолда бастарына ажал төнсе бірге кетеміз деп балаларын өздерімен бірге алып жүрген).

Көрмеде сондай-ақ хореография училищесі оқушыларының блокадалық фотосуреттері – балет костюмін киген балалардың ерте есейген көзқарастарын бейнелейтін фотосуреттер; дайындық арасындағы үзілісте «буржуйка» пешіне сүйеніп тұрған Елена Люктің фотосуреттері; орыс музейі мен А.В. Суворов атындағы музейінің қиратылған ғимараттары, майдан бригадалары концерттерінің фотосуреттері ұсынылды.

Ленинградтық радиокомитет симфониялық оркестрінің дирижері Карл Элиасбергтің жеке заттары – маңызды жәдігерлердің кезектісі. Ол басқарған ұжым қиын-қыстау кезеңде, 1942 жылдың қысында құрылды. Карл Элиасберг ол кезде қатты жүдеп, әлсірегеннің кесірінен жүре алмай қалған болатын. 9 ақпанда емханаға нашар халмен жатқан ол 9 сәуірде оркестрмен дайындық жұмысын жүргізе бастады. Қала бойынша жиналған музыканттар ішекті аспаптарда ойнай алғанымен, үрмелі аспаптарға шамаларын жеткізе алмайтын. Үрлеуге күші болмаған олардың көбі талып қалып жататын.

Пюпитр – құрсауда қалған Ленинградтағы Дмитрий Шостаковичтің жетінші, «Ленинградтық» симфониясының орындалуының мылқау куәгері, сондай-ақ 1942 жылғы қыркүйек айында өткен Шостаковичтің Жетінші симфониясы концертінің бағдарламасы мен афишасы (бұл Ленинградтың филармониялық концерттерінде жиі қойылатын).

Ленинградты  оқшаулау тақырыбы, «тұтқындардың» трагедиялық тағдыры қазақстан халықына өте жақын. Блокада қаһармандарын еске алу мүмкіндігі ақын Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім!» өлеңінде көрініс тапқан. Тұрғындар мен қала қонақтары көрменің бірегей материалдарымен мерекелер қарсаңында, сондай-ақ мамыр айының соңына дейін таныса алады.