ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА – ОЗАТ ОҚУШЫЛАР

Бүгін  маңғаз Маңғыстау мен ерке Ертістің бойынан келген жасөспірімдер Назарбаев орталығының көркіне көрік қосты.  Елбасы кітапханасы ұйытқы болған семинар-тренингтің осы жолғы қатысушылары – еліміздің екі облысының ең үздік оқушылары.

Маңғыстау мен Павлодар облысынан келген 50 оқушының осалы жоқ. Бәрі де «сен тұр, мен атайын» деген кілең дарынды жастар. «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» тақырыбы бойынша дәріс жүргізетін Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаевтың айтуынша, мекемеге келген бүгінгі тыңдаушылардың ойы – терең,  жігері – ерен.

– Бүгін дәріс жүргізіп тұрып елімізде осындай жалынды жастардың өсіп келе жатқанына қарап сүйсіндім. Оқушылардың ойлау қабілеті, сөз саптауы, өзара пікір алмасуы, тың идеяларды ұсына алуы – көңілге қуаныш ұялатты.  «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деп осындай алғыр жастарға қарап айтылса керек-ті,-деді Ғазиз Тұрысбекұлы.

«Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің алғашқы күні қатысушылар ғылыми кызметкерлердің  дәрісінен кейін Елбасы кітапханасының Музейі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне экскурсия жасады.

Ердәулет Әбдірайымов, Кереку өңіріндегі Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 11 сынып оқушысы:

– Елбасы кітапханасына алғаш рет келіп тұрмын. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев биылғы Жолдауында келер жылдың «Жастар жылы» болатынын айтты. Еліміздің әр өңірінен келген жастардың басын қосатын бүгінгідей семинар-тренинг – болашаққа бастар жолдың бір қадамы. «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» тақырыбында еліміздің әр өңірінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Десе де бүгінгі осы мекеме қызметкерлерінің оқыған дәрістерінен, түрлі форматта өткізген тәжірибелік сабақтарынан аталмыш бағдарламаны терең түсініп, ой түйдім.  Бүгінгідей семинар-тренингке қатысу арқылы біз, жастар, ой-өрісімізді кеңейтіп, өзара пікір алмасып, болашағымызды жоспарлауға мүмкіндік алдық деп ойлаймын. Алдағы уақытта, санамызға қозғау салатын тағылымы мол осындай семинар-тренингтер жиі ұйымдастырылса деген тілегім бар.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы мамандандырылған экономикалық лицейдің 9 сынып оқушысы Шұғыла Жоламанқызы Елбасы кітапханасына келіп өзінің рухани дамып, білімін арттырғанын айтып, семинар-тренингтен алған әсерімен бөлісті:

– Осыған дейін Назарбаев орталығына келіп, экспонаттармен танысқанмын.  Ал бүгін, бұрынғыдан да мол әсер алдым. Өйткені, бүгінгі кездесу – бұрынғыға қарағанда мәнді де мағыналы. «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингіне қатысу арқылы мол ақпарат алып, өз замандастарыммен пікір алмастым. Мұндағы майталман мамандардың дәрісін тыңдап, ақыл-кеңесін тыңдау – мен үшін зор мәртебе. Елбасы кітапханасының басшылығына бізге осындай мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін.

Семинар-тренинг тыңдаушылары ертең  Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың сыныптасы, балалық шақтағы досы,  Елбасы туралы жазылған «Үшқоңыр – алтын бесігім» атты кітаптың авторы Сәдуақас Есімбаймен кездеседі.

Дәстүрлі семинар-тренингтің салтанатты рәсімінде қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталады.