31 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасында Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы мемлекетіміздің қарқынды даму бағытын анықтайтын еліміздегі ең маңызды саяси оқиғалардың бірі болып табылады.

Биылғы Жолдаудың ерекшелігі мемлекеттің Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамуына бет алуы. Жаңа стратегиялық құжатта Елбасы мемлекетіміздің дамуындағы өзекті мәселелерге нақты жауап береді. Мемлекет басшысы шешімі Қазақстанды алдыңғы қатарлы мемлекетке айналдырып, ең дамыған елдің қатарына қосатын он негізгі міндетті ұсынды.

Талқылаудың модераторы болған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов өзінің алғы сөзінде Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа беттерін парақтайтынына тоқталды.

– Мықты әлеуеті, тұрақты экономикасы, мызғымас бірлігі бар Қазақстан Төртінші өнеркәсіптік өзгерістер дәуіріне аяқ басты. Алайда жаңа заманның қауіптері де аз емес, олар қарқынды және жаңа шешімдерді талап етеді, – деп атап өтті Әмірхан Мұратбекұлы.

Ә. Рахымжанов өз сөзінде жаңа стратегиялық құжатта белгіленген еліміздің алдыңғы қатарлы өзіндік білім жүйесін құруды жеделдетудің қажеттігіне ерекше назар аударды.

«Барлық деңгейдегі білім беру бағдарламаларының мақсаты – мектепке дейінгі білімнен жоғары білім беруге дейін – өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту. ...Жолдаудағы білім берудің жаңа жүйесі экономиканың өзіндік инвестициялық жобалар мен сараптамалық әлеуеті бар дербес саласын ұсынады. Бұл жаңа білім беру жүйесі жұмысының соңғы межесі Елбасының елге жолдаған маңызды құжатында баршаға түсінікті әрі қарапайым өрнектелген: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», – деп сөзін түйіндеді.

Шараға отандық танымал тарихшылар мен саясаткерлер қатысты.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары, саяси ғылымдарының докторы А.С. Қайдарова «Жастар «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының негізгі нысаны ретінде» тақырыбында; Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы А.К. Мұқышбаева «Қаржы секторын «қайта жаңғырту» іскерлік және экономикалық белсенділікті арттыру факторы ретінде» тақырыбында сөз сөйледі. Елбасы кітапханасы Ұйымдастырушылық жұмыс қызметінің басшысы, саяси ғылымдарының докторы Ж.І. Қуанышев «Экономикалық блок – «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне жаңа мүмкіндіктер: Индустриализация. Ресурстық әлеует. Аграрлық саланың өнімділігі», Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты С.К. Бердағұлова «Цифрлық технологияны ауқымды енгізу – Мемлекет басшысы Жолдауының маңызды міндеті», Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері, экономика магистрі А.А. Альшанская «Адами капиталды дамыту – «адамзатты дамыту бағыты бойынша Қазақстанның рейтингісі» баяндамаларын оқыды.

– Мемлекет басшысының Жолдауында адами капиталдың дамуына басты назар аударылады. Оны қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі сапалы білім екені баршаға мәлім. Сәйкесінше, басты түбегейлі өзгерістер педагогтер қауымдастығы мен жаңа қазақстандық қоғамды қалыптастырудың негізгі факторы – жастарға қатысты болмақ, – деді ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Амангелді Қашқымбаев.

Жолдаудың стратегиялық маңызы жөнінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов баяндады:

– «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы 2050 жылы әлемдік озық елдердің отыздығына енуді қамтамасыз ететін Қазақстанды түбегейлі жаңғырту идеясының басты бағыттарын жалғастырады. Үстіміздегі жылы Мемлекет басшысы өткен жылды толықтыратын және ұлттық ауқымдағы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыратын жаңа тапсырмалар жүктеді. Әрбір Жолдау алдыңғысын толықтыра келе, жақын үш онжылдықтағы жалпы мақсатты көздейді. Осылайша Елбасы мемлекетті басқарудың бағдарламалық-мақсатын жүзеге асырады. Бұл – Президент үлгісінің ерекшелігі.

– Мемлекет басшысының Жолдауы институты Қазақстан Республикасының мемлекеттік стратегиясының ажырамас бөлігіне айналды және еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамашылығымен жүзеге асырылып отырған басқару стратегиясы болып табылады.

Жолдауы институты – қазақстандық қоғамның әлеуметтік жүйесінің маңызды бөлігі. Бүгінгі Елбасы кітапханасындағы дөңгелек үстелдің аясында Жолдауды талқылау мен түсіндіруден бөлек, Президент ұсынған басты он міндетті іске асыруда қандай қадамдар жасаймыз деген сауал төңірегінде қызықты әңгіме өрбіді. Бүгінгі күні сарапшылар қауымы жүзеге асырудың үлгілерін ұсынып, жұмысты қажет ететін өзекті тұстарына басты назар аударуда, – деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова.

Дөңгелек үстел Президент Жолдауын насихаттау бойынша Елбасы кітапханасының іс-шаралар топтамасын жалғастырады.