7 ақпанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасында семинар-тренингтің 2018 жылғы оқу маусымы «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» жаңа тақырыбымен ашылды.

Семинар-тренингтің жаңартылған бағдарламасына Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері жетілдірген «Бәсекеге қабілеттілік – ХХІ ғасырда ұлтты жаңғырту», «Тарихи жол және Қазақстанның эволюциялық дамуы», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Заманауи сана – болашаққа жол» дәрістері енгізілді.

Семинар-тренингтің тыңдаушылары – Қазақстанның әр өңірінің жас лидерлері. Олар тренингтерде жеке және топтық көрсеткіштерді көтеруге де атсалысады. Оқушылар мен студенттерді жобалық қызметке баулуға үлкен мән беріледі. Семинар бағдарламасында «Туған жер» туристік жобасын дайындау жұмыстары жоспарлануда.

Жалпы семинар үлгілері Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің сарапшылары жүргізетін тәжірибелік сабақтар мен пікірталастарға тыңдаушылар белсенді қатысады деп күтілуде.

Дәстүр бойынша оқудың бірінші күні қатысушыларға Елбасы кітапханасы мен Музейінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде экскурсиялар, ал екінші күні – қоғам және саяси қайраткерлермен, белгілі ғалымдар және пікір лидерлерімен кездесулер ұйымдастырылады.

Ақтөбе және Қызылорда облыстарының 9–11 сынып оқушылары «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингтің алғашқы тыңдаушылары болды.

Аталмыш ғылыми-білім беру жобасы аясында 2015 жылдың қазанынан бері 5 мыңнан аса тыңдаушылар оқытылған. Мемлекеттік және оқу мекемелерінің өтінімдері бойынша «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» тақырыбындағы көшпелі семинар-тренингтер мен дәрістер жүргізіледі.

Ертең осы маусымның алғашқы тыңдаушылары «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаевпен кездесіп, семинар-тренингті тәмамдайды.