ҚР Президентінің 1997 жылғы Жарлығына сәйкес 31 мамырда атап өтілетін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде елорда студенттері Қазақстанға жер аударған халық өкілдерінің ұрпақтарымен кездесті. Қонақтармен сұхбатқа «Даналық» колледжі, Астана қ. Жоғарғы медицина колледжі, Қазтұтынуодағының Сауда-экономикалық колледжі, Астана қ. Менеджмент және бизнес колледжі студенттері, сондай-ақ Родина ауыл округінің әкімдігі мен Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер бірыңғай ұйымының қызметкерлері қатысты.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов ашты:

– Тоталитарлық жүйенің езгісіне душар болып, басқаша көзқарасы үшін жазаға кесілген түрлі халық және дін өкілдерін, туған жерінен қуылып, лагерлерде аяусыз жазадан қаза болған миллиондаған адамды еске алу – егемен Қазақстан азаматтары үшін киелі міндет. Шерлі қасіреттің қайталануын келешекте болдырмас үшін өскелең ұрпақ алдыңғы буынның бастан кешірген қайғысын зерделеуі тиіс, - деді ол.

Кездесу барысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.

Елбасы кітапханасы Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші сарапшысы Ақбота Хамитова жастарды жер аударған КСРО халықтары туралы баяндамасымен таныстырды.

Іс-шара барысында «Қазақстан картасы», «Алаш арыстары: соңғы сурет» қысқа метражды деректі фильмдері көрсетілді.

Жастармен сұхбат құруға «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдердің бірыңғай ұйымы» РҚБ төрағасының орынбасары Александр Тен келді. Оның атасы Владимир Тен 1937 жылы Қиыр Шығыстан Арал теңізі оңтүстік шығысында орналысқан Ұялы аралына жер аударған болатын. Сыйлы қонақтардың қатарында Ақмола облысы Родина ауылдық округі әкімінің орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Белла Газдиева да болды. Ол 1944 жылы Ингушетиядан жер аударған әжесі Лейла Кодзоева туралы сөз етті.

– Бүгін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Жер аударған халықтың өкілі ретінде одақтас республикалар арасында тоталитарлық режимнен Қазақстанның көбірек жапа шеккенін сеніммен айта аламын. Ұлт зиялыларына қарсы жүргізілген репрессия, халықтарды күштеп ұжымдастыру және жер аударту шаралары бұған дәлел. Еліміздегі кез келгенін әулетте тоталитарлық режимнен жәбірленген адам бар. Сондықтан да Қазақстан азаматтары үшін бүгінгі күн келелі. Осы тұста Елбасы кітапханасында өтіп жатқан кездесудің де маңыздылығын атап өткен жөн. Себебі, ел ішінде және оның шекарасынан тыс жүріп жатқан бітімгерлік саясат сөзсіз Елбасымыздың еңбегі. Нұрсұлтан Әбішұлы бейбіт, көп ұлтты және көп дінді мемлекет құруға теңдессіз үлесін қосты. Қарқынды дамуымыздың сыры Қазақстан халықтарының өзара түсіністігі мен сыйластығында. Бүгінгідей іс-шараларға дәл жастардың шақырылғаны дұрыс. Себебі, нағыз патриоттарды жастайынан тәрбиелеп, халық өткелдеріне құрмет таныту керектігін іс жүзінде абзал. Мәңгүрт болмаймыз десек, ұлтымыздың ел келешегі үшін күресін, бастан кешірген тарихи оқиғаларын есте сақтауымыз керек. Ал гүлденген Қазақстанда дүниеге келген балалар үшін ел тарихының қасіретті тұстарын білген айрықша маңызды, - деп белгіледі Белла Газдиева.

Александр Тен әулетінің елімізге қалай жер аударғанымен бөлісті. Оның айтуынша, кезінде қазақ даласына жер ауып келгендерге білдірген жергілікті халықтың мейірімділігі мен қолдауы арқасында Қазақстан өзге ұлттың мыңдаған өкілдері үшін жүрегіне ыстық Отанына айналды. «Елбасы саясатының арқасында көп ұлтты мемлекетіміздің әрбір азаматы бірдей құқыққа ие және өзара тең», - деп белгіледі ол.