ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА – ШЕТЕЛДІК БАҚЫЛАУШЫЛАР

Бүгін Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратына Түркия, Франция, Өзбекстан және Румыния мемлекеттерінің өкілдері келді. Елдегі саяси процесті бақылауға келген шетелдік бақылаушылар Қазақстанның қалыптасуы мен өркендеу жолынан сыр шертетін музейді аралап көрді.

 

Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекет – Түркияның өкілі Чамаш Торул  екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты тілге тиек етті.

«Түріктер мен қазақтар о бастан түбі бір туысқан халық. Бүгінде Қазақстан отыз жылдық тарихы бар тәуелсіз мемлекет ретінде бүкіл әлемге танылды. Осы тұста біздің Ататүрік секілді қазақ елінің көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың ерен еңбегін айтқым келеді. Ол кісі кемеңгер адам, Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы, көреген саясаткер ретінде халқының болашағына бағыт-бағдар бере алған тұлға. Осы жолғы сапарымда соған көзім әбден жетті», -деп ой бөлісті түркиялық өкіл. 

Экскурсия барысында Өзбекстан мемлекетінен келген өкіл,  журналист,  Өзбекстанның журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің ректоры Шерзодхон  Кудратходжа Қазақстан астанасының күн сайын көркейіп жатқанын айтып,  бірегей музейдің жастар үшін алатын орны ерекше екенін атап өтті.

«Қарапайым халықтың арасынан шығып, еліне қызмет етіп, бүгінде Елбасы болып отырған тұлғаның өмір жолымен тереңірек танысқаныма өте қуаныштымын. Сондай-ақ осы музейден Қазақстанның қалыптасу тарихы, жас тәуелсіз мемлекеттің өркендеуі, Ата заңы, Қарулы күштері, астанасы туралы  мол мағлұмат алдым. Айналдырған отыз жылдың ішінде бауырлас қазақ елінің бағындырған биік белестерін көріп риза болдым.  Алдағы уақытта осы музейді көршілес елдердің ЖОО студенттері келіп тамашаласа деген тілегім бар. Жастар ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін осы музейден көрсе деймін»,-деді Ш. Кудратходжа.

Ал қазақ топырағына алғаш табaны тиіп, астанасына бірінші рет келген румыниялық өкілдердің таңданысында шек болмады. Сарыарқаның сары аязына қарамастан арнайы ат терлетіп келген өкілдерді музей қызметкерлері құшақ жая қарсы алды.

«Қазақстандықтардың қонақжайлығына тәнті болдық. Заманауи үлгідегі музейден алған әсеріміз ерекше. Осы музейдегі сан түрлі технологиялық құралдардың арқасында аз уақыттың ішінде  Қазақстан мемлекеті жөнінде мол ақпаратқа қанықтық. Қазақтың  ұлттық аспаптарын ұстап көрдік. Бір сөзбен айтсақ, ғажап!», - деді Румыния мемлекетінен келген өкілдердің атынан пікірін білдірген Мария Красиун.