ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДА ТАҚЫРЫПТЫҚ ЭКСКУРСИЯЛАРДЫҢ ОНКҮНДІГІ БАСТАЛДЫ

Бүгін Елбасы кітапханасы ұйымдастырған тақырыптық экскурсиялардың онкүндігі елордалық №77 мектеп-гимназиясы оқушыларының қатысуымен бастау алды.

  

Елбасы кітапханасы Экскурсия қызметінің сарапшысы Ботагөз Аяпбергенова мектеп оқушыларына «Бейбітшілік ұялаған Бәйтерек» тақырыбында экскурсия жүргізді. Тақырыптық экскурсия барысында кітапхана қызметкері оқушыларды бас қаланың тарихымен таныстырып, елорданың символына айналған «Бәйтерек» ғимараты туралы мол мағлұмат беріп, нақты деректер ұсынды.

Тақырыптық экскурсия соңында оқушылар елорданың қалыптасу тарихы бойынша арнайы дайындалған викториналық сұрақтарға жауап берді.

Досхан Досмағанбет, №77 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы: 

– Маған осы іс-шара қатты ұнады. Бүгін мектеп бағдарламасынан бір сәт серпіліп, Елбасы кітапханасы ұйымдастырған тақырыптық экскурсиядан бас қаламыз жайында мол ақпарат алдық. Экскурсия өте қызықты өтті. Әсіресе, топ-топқа бөлініп, викториналық сұрақтарға жауап берген ерекше әсерлі болды.

 

 

Әзиза Мыңшамұрат, №77 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы: 

– Бүгінгі экскурсияға қатысқаныма өте қуаныштымын. Сонау Бозақтан бастау алған бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласының тарихымен терең  таныстырып, жан-жақты мәлімет бере білген кітапхана қызметкеріне алғысымды білдіремін. Осындай тақырыптық экскурсиялардың біз секілді мектеп оқушыларына берер тағлымы мол деп ойлаймын. Барлық құрдастарымды осындай экскурсияларға қатысуға шақырамын. 

 

Бүгіннен бастау алған тақырыптық экскурсиялар қаңтардың 24-не дейін жалғасып, әртүрлі тақырыптарды толығырақ тарқататын болады.