Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы кітапханасында мерекелік жиын өтті.

Кітапхана директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов қызметкерлерді мерейтоймен құттықтады.

– 1991 жылғы 16 желтоқсанда «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңына қол қойылып, әлемнің саяси картасында жас мемлекет пайда болды. Бұл күнге Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында келесідей сөздермен баға береді: «Меніңше, Тәуелсіздік күні тек ресми бекітілген мерекелік дата ғана болуға тиісті емес. Бұл күннің одан анағұрлым маңызы, үлкен мазмұны бар. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қоюмен бірге, оның басталған күні де болды. Бүгін әр қазақстандық оны өзінің жеке тәуелсіздігі мен табысты күні есебінде мерекелей алады».

ХХІ ғасырдың өзінде, әлі күнге дейін 253 елдің ішінен 195 мемлекеттің ғана егемен екенін ескерсек, өзімізді бақытты халықтардың қатарына сеніммен жатқыза аламыз. Бүгінгі тәуелсіздігіміз – біздің басты құндылығымыз.

...Бұл құндылық – күллі Қазақстан мен отандастарымыздың мақтан тұтатын жетістіктерінің түп негізі. Елбасы кітапханасы ұжымының мақсат-міндеттері мен еңбегі бұл ақиқатты жан-жақты дәріптеуге бағытталған.

Жиынға қатысқан қызметкерлер Елбасы кітапханасының басшылығынан алғыс хат алды. Төл мерекеге орай іс-шара барысында патриоттық әндер орындалып, күй шалқыды.