ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНДАҒЫ АШЫҚ САБАҚ

16 қаңтарда Елбасы кітапханасында №75 «Балалық шақ» балабақшасының тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Жәдігерлер сыр шертеді...» циклы бойынша «Менің шежірем – елімнің шежіресінің бөлшегі» атты  этнографиялық-интерактивті ашық сабақ өткізілді.

  

Іс-шараның қонақтары ретінде Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы ұйымдастырған «Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып балаларының зияткерлік дамуы» республикалық семинарының қатысушылары, республиканың мектепке дейінгі мекемелерінің басшылары мен педагогтары және Нұр-Сұлтан қаласының «Білім беруді жаңғырту орталығы» МКҚК қызметкерлері қатысты.

Елбасы кітапханасы Әлеуметтік-ағартушылық жобалар және білім беру қызметінің ғылыми қызметкері Саягүл Жақыпова өткізген сабақ барысында балалар Қазақстандағы батырлық институт пен батырлардың әскери жабдықтары туралы көптеген қызықты мәліметтер алып, қазақтың дәстүрлі қару түрі – бес қарумен танысты. Сондай-ақ балабақша тәрбиеленушілері өлеңдер оқып, патриоттық ән шырқады.

Қонақтар атынан сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Фатима Жұмабекова ашық сабақ үшін таңдалған тақырыптың маңыздылығын, ғылыми-әдістемелік және кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін атап өтті.

          

Іс-шара соңында Елбасы кітапханасы Әлеуметтік-ағартушылық жобалар және білім беру қызметінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күнсұлу Исинова қатысушыларға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының білім беру бағдарламасы мен «Музей және балалар» жобасы туралы айтып, педагогтер мен әдіскерлерге бірдей әдістемелік құралдар табыс етті. Ал балаларға сабақтан естелік ретінде «Менің Президентім» кітабы тарту етілді. 

– Елбасы кітапханасының ұжымы мен басшылығына өскелең ұрпаққа және бізге, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне көңіл бөлгені үшін шексіз алғысымды білдіргім келеді. Ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үміттенеміз, - деп ой бөлісті №75 «Балалық шақ» балабақшасының меңгерушісі Айман Нұрмағанбетова. 

фотобаян