ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ АУЫСПАЛЫ КУБОГЫ ҮШІН ӨТКЕН ПІКІРТАЛАС ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

18 қарашада «Ақиқат» пікірсайыс клубының колледж студенттері арасында Елбасы кітапханасының ауыспалы кубогы үшін ұйымдастырған онлайн-турнирінің жеңімпаздары марапатталды. Турнир Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күніне арналған. Марапаттау рәсіміне жеңімпаз командалар мен олардың бапкерлері, турнирдің төрешілері, сондай-ақ №1 Балалар музыка мектебінің домбыра ансамблі қатысты.

Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов жастарға қарап сөз сөйлеп, белсенді әрі мақсатшыл жастарды қолдау мемлекеттің басты міндеті екенін атап өтті.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өркениетті елдің өзегін белсенді және білімге құштар жастар қалыптастыратынын жиі айтады. Жыл өткен сайын пікірталас турнирлеріне қатысушылар жеке қасиеттерін, жауапты шешімдер қабылдауда дайындық деңгейлерінің жоғары екенін көрсетеді. Турнирдің жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын және қатысушылардың әрқайсысы биік шыңға жеткеніне сенімдімін. Сіздерге барлық жол ашық. Оқуда және өзін-өзі жетілдіруде толағай табыстар тілеймін!»,- деп Ә. Рахымжанов жеңімпаздарға Елбасы кітапханасының ауыспалы кубогын табыстады.

Турнир қорытындысы бойынша төмендегі топтар жеңіске жетті:

  

Қазақ лигасы:

І орын – «Төзім» командасы (Халықаралық лингвистикалық колледжі);

ІІ орын – «Финалдамызғо» командасы (Гуманитарлық колледжі);

ІІІ орын – «Достық» командасы (Халықаралық лингвистикалық колледжі).

Орыс лигасы:

 І орын –  «Бирмингем» командасы (Басқару колледжі).

Сонымен қатар «Үздік спикер», «Үздік бапкер», «Үздік төреші» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды.

«Ақиқат» пікірсайыс клубы 2011 жылы құрылған. Оның қызметі тәуелсіз  Қазақстан тарихындағы өзекті мәселелерді талдау арқылы жастардың сыни тұрғыдан ойлау дағдысы мен қойылған мәселені өз бетінше шешіп, ақиқатқа қол жеткізуге бағытталған.

«Ақиқат» пікірсайыс клубы елордалық оқушылар мен студенттер арасындағы пікірталас қозғалысының бастамашысына айналды. Клуб  қалалық, республикалық және халықаралық пікірталас турнирлерін ұйымдастырады. Пікірталас клубының жұмысына екі мыңнан астам бозбала мен бойжеткен қатысады. Ойынның басты тақырыбы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын және Қазақстан тәуелсіздігі тарихының өзекті мәселелерін талқылауға арналған.