ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ Б.Б.ТЕМІРБОЛАТТЫҢ «АСТАНАДАҒЫ ЕҚЫҰ –2010 САММИТІНІҢ ТАРИХИ МӘНІ МЕН ӨЗЕКТІЛІГІ» КОНФЕРЕНЦИЯСЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ Б.Б.ТЕМІРБОЛАТТЫҢ ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ МЕН АСТАНАДАҒЫ ЕҚЫҰ САММИТІНІҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «АСТАНАДАҒЫ ЕҚЫҰ –2010 САММИТІНІҢ ТАРИХИ МӘНІ МЕН ӨЗЕКТІЛІГІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

19 ақпан 2021 жыл

Нұр-Сұлтан қ.,  «Назарбаев орталығы» ғимараты

Құрметті конференцияға қатысушылар! Ханымдар мен мырзалар!

Еуропа ынтымақтастық және қауіпсіздік Ұйымының Астана саммитінің 10 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық конференцияға қатысқандарыңыз үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының атынан зор алғысымды білдіремін.

Бұл оқиға Қазақстан Республикасының 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп, ерекше символикалық мәнге ие болып отыр. 

Құрметті конференцияға қатысушылар! Ханымдар мен мырзалар!

Бүгін бізде конференция құрамы мен қонақтары өте жоғары өкілетті өкілдерден құралып отыр. Олардың бірқатары Астана саммиті жұмысына қатысқан кездерін қуана еске алатын болса, екіншілері, әсіресе жастар жағына Қазақстан тарихындағы маңызды ішкі саяси оқиғалар туралы білу қызық болады.

Біздің бұл кездесуіміздің ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы алаңында өткізілуі тегін емес. Себебі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2010 жылы Қазақстанның ЕЫҚҰ-да төрағалық етуіне бастамашылық етіп, тікелей идеологиясымен айналысты.

Қазақстан егемендігін алған сәттен бастап Еуропа ынтымақтастық және қауіпсіздік Ұйымы жұмысына қатты көңіл бөледі. ЕЫҚҰ-на мүше болу еліміз үшін маңызды тарихи мәнге ие.

Осыдан 10 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев Астана саммитінде сөйлеген сөзінде ЕЫҚҰ Хельсинки қорытынды акті қағидаттары мен ережелерінің арқасында еліміз тәуелсіз болғанын атап өтті.  

Қазақстан әлі «жастау» кезінде-ақ ЕЫҚҰ төрағалығына өтті, ол кезде біздің мемлекетіміз әлі Тәуелсіздіктің 20 жылдығын да атап өтпеген еді. Осылайша, беделді халықаралық ұйымда жетекші болу мәртебесі біз мемлекет ретінде белгілі бір деңгейде есею межесінен аттап өткенімізді көрсетті.

Біздің еліміз еуропалық құрылымда төрағалық ету сеніп тапсырылған бірінші посткеңестік мемлекет, алғашқы Орталық Азия өкілі, сонымен қатар бірінші мұсылман елі болды.

Бұл отандық дипломатия үшін бірегей тәжірибе және Қазақстанның алдағы дамуы үшін үлкен дайындық болды.

ЕЫҚҰ-ға мүше мемлекеттер Саммитінің осыдан он жыл бұрын елордада өтуі қандай кешенді маңызға ие болғанына байланысты қысқаша көзқарасымды бүгін осы шара аясында білдірсем деймін. 

Біріншіден, Астана саммиті кездесулерді жоғары деңгейде өткізудің 11 жыл бұрын үзіліп қалған дәстүрін қалпына келтірді.

Осындай диалогтың ұзақ уақыт болмауы ЕЫҚҰ-ның осы заман үрдістеріне сай дамуына кәдімгідей тұсау болды. Ұйымға қатысушы елдердің барлық көшбасшыларын Қазақстан астанасында  бас қосу қажеттілігіне көндіру Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолынан келді.

2010 жылы желтоқсанда бізде өткен ЕЫҚҰ Саммиті Ұйымға мүше мемлекеттердің XXI ғасырдағы өте жоғары деңгейде өткізілген алғашқы және әзірге бірден-бір кездесуі болды.

Анықтама: ЕЫҚҰ жұмыс істегелі өткізілген Ұйымның барлық Саммиттері: Хельсинки (1975), Париж (1990), Хельсинки (1992), Будапешт (1994), Лиссабон (1996), Стамбул (1999) және Астана (2010).

Екіншіден, ЕЫҚҰ қатысушы елдерінің барлық көшбасшылары тарапынан қолдау тапқан Астана декларациясы Саммиттің практикалық қорытындысы болды.

Қазақстанның төрағалық етуі Ұйымның қиын кездеріне тап келді. Оған мүше елдердің жаһандық жаңа сын-қатерлер алдында бірігуі қажеттілігі айқын аңғарылды, бұл бірігу ЕЫҚҰ-ның осы дәуірдегі дағдарыстар шешімін табуда қайтадан белсенді рөл атқаруына мүмкіндік беретін еді.

Астана саммиті мен оның қорытындысында қабылданып, әлемдік деңгейдегі көшбасшылар өз мемлекеттерінің ЕЫҚҰ маңызды қағидаттарын ұстанатындығын заңды түрде сөзсіз растаған декларацияның да рөлі маңызды болды. Осылайша, Астана декларациясы Ұйым өміріндегі жаңа парақшаларды ашты.

Үшіншіден, Саммит «Мұхиттан Мұхитқа дейін» – яғни, қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың анағұрлым кең көкжиекке бастайтын жаңа деңгейге өткенін көрсетті.

ЕЫҚҰ саммитін Еуропаның географиялық шекарасынан мыңдаған шақырым қашықтықта, Еуразия жүрегінде өткізу – еуропалық қауіпсіздіктің бөлінбейтіндігін айқындап берді.

«Әрбір қатысушы мемлекеттің қауіпсіздігі басқа елдердің қауіпсіздігімен тығыз байланысты» - Саммиттің тарихи құжатында осылай деп жазылған.

Осы арқылы 56 елдің көшбасшылары қауіпсіздік қарулану, күштік конфронтация есебімен емес, ашықтық, пікір алысу және ынтымақтастық үшін жалпы тұғырнамаларды іздеу арқылы қамтамасыз етілу керектігін қолдады.

Қауіпсіздіктің осы парадигмасының бүгінгі геосаяси жағдайдағы өзектілігі одан сайын арта түсті.

Төртіншіден, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің арқасында үш өлшем жұмысы аясында дамып қана қоймай, соған қоса ЕЫҚҰ-ның күн тәртібін кеңейтуге мүмкіндік пайда болды.

Он жыл бұрынғы кездесуде Ұйымға қатысушы елдер көшбасшылары ЕЫҚҰ рөлін экономикалық ынтымақтастық аясында дамыту, экологиялық, энергетикалық және кибер қауіпсіздікті қамтамасыз ету, трансұлттық қатерлерге бірге қарсы тұру туралы мақсат қойды.

Сол кездесуде ЕЫҚҰ қатысушы елдер көшбасшылары іс жүзінде он жылдан кейін Еуразияның тұрақты дамуына қауіп төндіретін барлық қатерлерді болжай алды. Оның үстіне COVID-19 пандемиясы кезінде елдер арасындағы диалогтар үйлесіміне қажеттілік қатты сезілуде және ЕЫҚҰ өзінің мол тәжірибесінің күшімен бар әлеуетін осыған пайдалана алар еді.

Бесіншіден, саммитті ұйымдастыру арқылы Қазақстан әлемге өзінің ішкі саяси күшін және еуразиялық қауіпсіздікті байланыстырушы болуға дайын екенін көрсетті.

Астана декларациясында ЕЫҚҰ аймағының қауіпсіздігі көрші өңірлер, әсіресе Жерорта теңізі мен Азия өңірлерінің қауіпсіздігімен тікелей байланысты екені жазылды. 

Сонымен қатар, Саммитте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Шығыс пен Батысты жақындастыру бойынша серпінді ойларын айтты. Әсіресе, ЕЫҚҰ-ны ИЫҰ және АӨСШК-мен жақындастыру арқылы еуразиялық қауіпсіздік инфрақұрылымын нығайту бойынша бастамалар ұсынылды.

Міне енді өткенге көз жүгірте отырып бүгінгі күн тұрғысынан маңызды мынадай қорытынды жасауға болады, яғни Астана декларациясының әлеуеті толыққанды әлі де жүзеге асырылмады. 2010 жылы ЕЫҚҰ қатысушы елдер көшбасшылары қазіргі әлемдік қоғамдастыққа қажет өте прогрессивті идеялар мен тәсілдерді енгізді. 

Өткен он жыл ішінде әлемде көп нәрсе түбегейлі өзгеріске ұшырады. Алайда он жыл бұрын елордада көтерілген мәселелердің әлі күнге өзектілігі жоғары болып қалып отыр.

Бұл ЕЫҚҰ – дамуы керек және еуразия кеңістігіндегі үйлесімділікке елеулі үлес қосуға қабілетті сұранысқа ие Ұйым екенін көрсетеді.

Қазақстанның ЕЫҚҰ-ға төрағалық етуі және белсенді жұмысы елімізге өте күшті конструктивті әсер еткенін айта кету аса маңызды. Мұндай мысалдар өте көп, сондықтан мен солардың тек бірқатарын ғана атап кетейін.

Соның ішінде Астана декларациясын жүзеге асыра отырып Қазақстан өзінің ішкі саясатының негізгі басымдығы ретінде бітімгершілікті ұстанып, кикілжіңдердің бейбіт түрде шешілуіне ықпал етуде.

Осы жылдар ішінде біз Иран (2013), Украина (2014), Ресей және Түркия (2015), Сирия (2017) және басқа да елдер айналысындағы дағдарыстардан сәтті шығуға өз үлесімізді қостық, бұл ретте біз 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанның тұрақты емес мүшелігі кезінде алған барлық тәжірибемізді пайдаландық.

Қазақстан сондай-ақ реформаларды жалғастыру, демократиялық институттарды дамыту, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау бойынша өзіне қабылдаған міндеттемелерге жауапкершілікпен қарайды. Соның ішінде біздің ЕЫҚҰ-мен ынтымақтастығымыз өркендей түсуімізге ықпал етеді.

Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойында еліміздің басқару мен күнделікті тұрмыста демократиялық практикаларды дамыту бойынша өз жолын жалғастыратынын асқан жауапкершілікпен мәлімдейміз. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ел билеген кезінде саяси жүйені жаңғырту саясатын мақсатты және саналы түрде жүргізді. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев екі жыл белсенді жұмыс істеген уақыт ішінде Қазақстан демократиясын дамытуға бағытталған жаңа саяси реформалардың үш ірі пакетін ұсынды. Бірқатар бастамалары заң тұрғысында бекітіліп, тәжірибеге енгізілді.

Бұл біздің осыдан үш он жылдық бұрын таңдаған демократиялық жолымыз бүгінде Қазақстан басшылығының жаңа буынында жалғасып жатқанын білдіреді. Әрине,  алда әлі жасайтын жұмыс көп. Бірақ, біздің ЕЫҚҰ-мен жұмысымыз бұрынғыдай Қазақстанның дамуына ғана емес, сонымен қатар ЕЫҚҰ қызметіне де, еуразия кеңістігінде қауіпсіздікті нығайтуға да оң ықпал етеріне сенім мол.

Астана саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев былай деп ерекше атап өтті: «Қауіпсіз әлемнің іргесін қалайтын негізі – мемлекеттер арасындағы сенім мен өзара түсіністік». Бұл қазіргі таңда халықаралық қарым-қатынаста аса қажет етілетін элемент. Сондықтан, ЕҚЫҰ осы мақсатқа жету үшін барлық күшін жұмсай алады және жұмсауы керек. 

Сөзімді қорытындылай келе, конференцияның барлық қатысушыларына табысты және жемісті жұмыс тілеймін!

Назарларыңызға рахмет!