«Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуындағы Н.Ә.Назарбаевтың саяси бастамалары» атты ғылыми-білім беру жобасы аясында Елбасы кітапханасының музейінде семинар өтті. Аталған семинар барысында 2018-2019 оқу жылындағы Елбасы кітапханасы еріктілерінің қызметі қорытындыланды. 

Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова көпжылғы жемісті әріптестіктері үшін еріктілерге ризашылығын білдірді:

- Сіздер азаматтық ұстанымдарыңызды танытып әрқашан Елбасы кітапханасының білім беру-ағартушылық жобаларына қатысасыздар. Алғаш рет қатысқан көптеген іс-шаралар Сіздер үшін өзіндік өмірлік тәжірибе болды. Мұның әлеуеттеріңізді арттырып, шығармашылықтарыңыздың дамуына мүмкіндік берері сөзсіз.

Семинар аясында әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру қызметінің жетекші ғылыми қызметкерлері  Ләйлә Омарова, Нәзира Мусина, Әсия Оспанова, Жазира Құзғұмбаевалар елорданың орта білім беру мекемелерінде «еріктілер сағатын», тренингтерді дайындау үшін жаңа деректі материалдар мен әдістемелік негіздер ұсынды.

Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындылары, сондай-ақ «Елбасытану», «Астанатану» атты авторлық элективті курс материалдары еріктілердің білім беру-ағарту іс-шараларын өткізу барысында Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамаларын толыққанды танытуларына септігін тигізді. Елордалық мектеп оқушыларының, сондай-ақ Елбасы кітапханасы басшылары тарапынан берілген оң бағаны ұйымдастырушылық және ғылыми-әдістемелік тұрғыда еріктілерді дайындау жұмыстарының нәтижесі деуге болады.

Іс-шара барысында Елбасы кітапханасының ғылыми-білім беру жобаларына қатысқандары үшін еріктілер билеті мен сертификаттар табыс етілді. Еріктілер Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне ықыластары мен қолдаулары үшін алғыстарын білдірді.

«Астана» университетінің студенті Нұрсұлу Тұрғанбекова:

- Елбасы кітапханасының еріктілер қозғалысына екі жылдан бері қатысып жүрмін. Мен теңдесі жоқ тәжірибе мен оң әсердің қуатын алдым. Ең жарқын да бақытты сәтім деп елордалық орта мектептерде еріктілер сағатын өткізгенімді айтар едім. Балалардың қуанышты күлкілері мен шынайы сәттерін байқау – мен үшін ғажап оқиға болды.

  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Әнуар Жұмабеков:

- Елбасы кітапханасында ерікті болу жаңа достар табуыма, мемлекет басшылары мен министрлер қатысқан жоғары деңгейдегі іс-шараларға қатысуыма мүмкіндік берді. Алғаш рет Елбасы кітапханасына Павлодар облысы оқушыларының делегациясы құрамында семинар-тренингке қатысу үшін 2016 жылы келген едім. Мен сол кезде Елбасы кітапханасында жастармен өте белсенді жұмыс жүргізілетінін байқап, кейін студент атанғанда ерікті ретінде келдім. Мен Елбасымыздың жұмыс орны болып табылатын ғимаратта өтетін конференциялар, дөңгелек үстелдер мен кездесулерге қатысқанымды мақтан тұтамын. Бұл бізді жаңа жетістіктерге жетелейді әрі шабыттандырады.