ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ "ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОЛИМПИАДАЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫС" БЕЙНЕКӨРМЕСІ

Елбасы кітапханасы 23 маусым күні аталатын Халықаралық Олимпиада күніне орай «Қазақстандағы Олимпиадалық қозғалыс» атты бейнекөрме дайындады.

Спорттағы жетістіктер әлемдік өркениет пен мәдениет дамуында маңызды рөл атқарады. Қазақстан спорты – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Спортпен шұғылдану - дене күші мен денсаулықты нығайтып қана қоймай сонымен қатар ерік күшті шыңдауға, табысқа ұмтылуға тәрбиелейді, жоғары моральдық, рухани қасиеттерді қалыптастырады. Осындай мықты адамдар өмірдің барлық саласындағы кез-келген міндетті шешуге дайын, сондықтан мемлекетіміз спортты, дене шынықтыру мәдениетін дамытуға баса мән береді», - деген еді.

1992 жылы еліміз Халықаралық олимпиадалық комитеттің 192 мүшесі болып қабылданды. Сол уақыттан бастап әлемдік спорт жылнамасы ерлік пен табандылықтың, мақсатқа талпыну мен асқақ рухтың жарқын үлгісін паш еткен көрнекті қазақстандықтардың есімімен айтарлықтай толықты.

Көрме материалдары спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың негіздері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әлемде Олимпиадалық қозғалысты дамыту және қазақстандықтардың салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі бастамалары туралы баяндайды. Көрермендер Н.Ә. Назарбаевтың еліміздің олимпиадалық құрамасымен кездесулерінен фотосуреттер кешенін, сондай-ақ қазақстандық чемпиондардың Олимпиада ойындарындағы таңғажайып өнер көрсету сәттерін тамашалай алады.