ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ КІТАП КОЛЛЕКЦИЯСЫ РАРИТЕТ БАСЫЛЫММЕН ТОЛЫҚТЫ

Елбасы кітапханасының сирек кездесетін коллекциялық, көне баспа басылымдары қорында «Азия жүрегінде. Памир – Тибет – Шығыс Түркістан. Свен Гединнің 1883-1897 жылдардағы саяхаты» атты екі томдық кітап жинағы сақтаулы тұр.

Свен Гединнің көзі тірісінде жарық көрген басылым ХХ ғ. басындағы белгілі кітап кәсіпорындарының бірі – Санкт-Петербургтегі «А. Ф. Девриен басылымы» баспасында 1899 жылы шыққан. Швед тілінен ерлі-зайыпты Петр мен Анна Ганзен аударған екі томдық кітап суреттерге толы. Жиегі әдемі оюлармен безендірілген.

Автордың суреті бар басылымның бірінші томы «зор құрметпен Ұлы Император Патша Николай Александровичке» арналады. 116 сурет пен 2 картадан құрылған. Екінші том 140 сурет пен 1 картадан тұрады.

Белгілі швед саяхатшысы Свен Андерс Гедин – георграф, картограф, жазушы, әскери журналист, суретші, этнограф мамандықтарын қатар алып жүрген дипломат, қоғам қайраткері. Оның қаламынан тамған кітаптар көптеген әлем мемлекеттерінде жарыққа шықты. Жазушы жанкешті ірі ғалым ретінде әйгілі еді. Оның пікірі Қыс сарайында, сондай-ақ Жапония, Австро-Венгрия сарайларында айрықша ескерілетін. Ондаған жылдар бойы Нобель комитетіне мүшелік еткен Гедин швед королінің сарайға соңғы рет шақырған қонағы болды.

90 жылға жуық ұзақ өмірінің ішінде ол көптеген жерлерге саяхат жасап үлгерді. Соның ішінде Шығыс Түркістан саяхатшының ерекше тамсанысын тудырған. Ол жерге алғаш 1893 жылы келген Гедин 40 жылдан астам уақыт бойы Шығыс Түркістанға қайта-қайта орала берген екен. Свен Гедин экспедицияларының арқасында әлем картасындағы бос орындар толып, еуропалықтар бұрын көрмеген жерлердің атаулары пайда болды. Тибеттің өзінде ол карта бетіне 170 мың шаршы километр жерді белгілеген болатын. Шақырым есептеу әдісінің жұпынылығына қарамастан, саяхатшы құрған карталардың бүгінгі уақытпен сәйкессізділігі көп дегенде 2%-ды ғана құрайды.

 

Жазушы сондай-ақ саяхат барысында қолжетімсіз жерлерге қатысты жүздеген фотосуреттерді, картографиялық сызбалар мен қолдан салынған суреттерді, жергілікті ұлттарға қатысты діни ғұрыптар мен деректерді жинаған. Свен Гединнің бірегей материалдары аталмыш бай кітаптың беттерінен табуға болады.