«Елбасы кітапханасының кітап коллекциясы» жобасы оқырмандарды жаңа түсімдермен таныстыруды жалғастырады. Оның кезекті шығарылымы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Татарстан Республикасына ресми сапары барысында алған тартулық басылымдарға арналады.

 

2018 жылғы 15 маусымда өткен кездесуде Елбасымызға кітаптар мен фотоальбомдарды мемлекет және саясат қайраткері, Татарстанның тұңғыш президенті Минтимер Шаймиев сыйға тартқан болатын.

Жеті томдық «Татарлардың ерте заман тарихы» Татарстан Республикасы Ғылым академиясының Ш. Марджани атындағы тарих институтының қолдауы мен ғылыми-әдістемелік басшылығымен құрылды. Оның жұмысына РҒА институттары мен шет мемлекеттердің жетекші ғылыми орталықтарының 200-ден астам көрнекті ғалымдары қатысты. Томдардың әрқайсысы татар халқы тарихының кезеңдерінен сыр шертеді. Атап айтқанда, І том – «Ерте замандағы Еуразия даласының халықтары», ІІ том – «Еділ бұлғарлары және Ұлы дала», ІІІ том – «Жошы ұлысы (Алтын Орда)», XIII том –  «XV ғ. ортасы», IV том – «XV-XVIII ғасырлардағы татар мемлекеттері», V том – «Ресей мемлекеті құрамындағы татар халқы (XVI – XVIII ғ. екінші жартысы)», VI том – «Татар ұлтының қалыптасуы. XIX –XХ ғ. басы», VII том – «в XX – XXI ғ. басындағы татарлар мен Татарстан».

 

«Ежелгі Бұлғар қаласы», «Зөйе қаласы», «Қазан Кремлі» фотоальбомдары ЮНЕСКО әлемдік мұра нысандары тізіміне кіретін Татарстанның тарихи сәулет мұрасын бейнелейді.