ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ КІТАП ТОПТАМАЛАРЫ. СИРЕК БАСЫЛЫМДАРДЫҢ ЖАҢА ТҮСІМДЕРІ

Ағымдағы жылдың басынан бастап Елбасы кітапханасының сирек, коллекциялық және көне баспа басылымдарының қоры жаңа кітаптармен толықты.

          

1843-1845 жылдармен белгіленген «Шығыс Басқарушылары мен Ақындары шығармаларының қолжазбасының» ғылыми-музейлік құндылығы - жоғары және түркі-мұсылман әлемінің бірегей жазба мәдениетіне жататындығында.

Қолжазбада XIV-XIX ғасырлардағы тарихи шығармалардан жинақтар, газелдер, рубаяттар, мұхаммалар, кафийлер, өлеңдер жинақталған. Омар Хаямның өте сирек кездесетін рубаяттары, Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» кітабының бөлімдері, Мұхаммед Пайғамбардың хадистерінің тақырыптарына жазылған «Қырық хадис» құнды туындылар болып табылады. Жоғары адамгершілік қасиеттері туралы қоғамдық түсінікті жасақтауға бағытталған 40 төртжолдық өлеңдерді 1481 жылы парсы тілінде Абд әр-Рахман Нұр әд-Дин ибн Ахмед Жәми (07.11.1414ж., Хорасан аймағы, Жәм қаласы, - 09.11.1492, Герат) , ал шағатай тілінде Әлішер Науаи (09.02.1441ж., Ғират – 03.01.1501ж., сонда)  жазған.  

Басылымның ғылыми төлқұжатындағы ақпаратқа сәйкес қолжазба орта азиялық қолжазбалық дәстүрге жатады, парсы және түркі тілдерінде жазылған мәтін көркемдігі жоғары ислам каллиграфиясының үлгісі. Оның теріден жасалған мұқабасы мәнерлі ою-өрнекпен безендірілген. Мұқаба қақпағының ішкі жағы алуан түрлі сәндік өнерлі алтындалған өрнекпен әшекейленген. Кей парақтары толықтай алтынмен және түрлі-түсті бояулармен рәсімделген. Қолжазбаның аса бай безендірілуі – оның жоғары ақсүйек өкілдерінің тапсырысы бойынша сарай маңындағы кітапханалар үшін дайындалғанын білдіреді.

Қолжазбаның құндылығы – оқырманын Шығыстың ақындық әлемімен, ортағасырлық көркем сөз бен ақындық ойдың жанды және негізгі бірлігімен, сондай-ақ, мұсылман мәдениетінің рухани құндылықтарымен таныстыруында.

«Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туындылары» кітабы 1904 жылы Санкт-Петербург қаласында Н.И.Веселовскийдің редакциясымен «Орыс географиялық қоғамы Жазбалары» құрамында басылған. Бұл еңбек Орталық Азия және Қазақстан халықтарының тарихы мен этнографиясы туралы құнды ақпараттан тұрады және бүгінгі күннің өзінде XX ғасырдың басындағы негізгі тарихи және этнографиялық дереккөздерінің бірі ретінде ғылыми-академиялық ортада кеңінен қолданылады. 

    

  Аталған туындыны жинақтау, редакциялау және шығаруды шығыстанушы Н.И. Веселовский жүзеге асырды. Ғалым-этнограф Ш.Уәлихановтың (1835,  Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Құсмұрын жері – 10.04.1865, Көшентоған, Жетісу) шығармалар жинағымен зерттеушінің жұмысы 17 жылға созылды. Кітапты шығаруға Ш.Уәлихановтың досы, Батыс-Сібір  генерал-губернаторының көмекшісі генерал-майор К.К. Гутковский жәрдемдесті.

«Қазақстанға 20 жыл» альбомы сирек басылымын Қазақ Республикасы құрылуының 20 жылдық мерейтойына орай 1940 жылы Алматы қаласында Мемлекеттік кітап баспасы мен Қазфотобаспасы шығарған. Бұл – КСРО құрамындағы Қазақстанның жетістіктеріне арналған алғашқы үлкен пішімді альбомдардың бірі. Саны 4100 данадан тұратын кітап бағалы да қымбат сыйлық ретінде бірден таралып кетті.

  

Фотосуреттерден тұратын үлкен көлемді фактологиялық, архивтік материалдар альбомның құндылығын арттырады. Кітап 1920-1940 жылдардағы Қазақстанның шаруашылығының, экономикасының, мәдениетінің, білім деңгейінің дамуы және қоғамдық өмірінің басқа қырлары туралы әңгімелейді.

Кітап қара және алтынмен өрнектелген қоңыр түсті бұзау терісінен арнайы дайындалған қаптамаға салынған және тарихи қазақ латын әліпбиіндегі мәтін басылған мойынтұмары бар.