Елбасы кітапханасының «Жеке коллекциялар» кітаптар галереясы жаңа басылыммен толықты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Америка Құрама Штаттарының басшысы Дональд Трамп «PLANET GOLF USA. The Definitive Reference to Great Golf Courses in America» атты  кітабын сыйға тарту етті.

Үстіміздегі жылдың 16-18 қаңтарында ресми сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен кездесті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына төрағалық етті.

Дональд Трамп АҚШ-қа сапарынан естелік ретінде Нұрсұлтан Назарбаевқа гольф таяқшасын, «PLANET GOLF USA. The Definitive Reference to Great Golf Courses in America» атты кітапты сыйлады. Бұл Дариус Оливердің Америкадағы 140 таңдаулы гольф алаңының фотосуреттері мен олардың толық сипаттамасы берілген альбомы.

Альбомның қара-көк былғары мұқабасында АҚШ президенті мөрінің алтын түстес баспа-таңбасы бар. Кітаптың алғашқы беті мен қосымша парағында ағылшын тілінде «Presented to His Excellency Nursultan Nazarbayev President of the Republic of Kazakhstan on the occasion of his visit to the White House by Donald J. Trump President of the United States. January 16, 2018» («Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Құрама штаттар Президенті Дональд Трамптан Ақ үйге ресми сапары барысында естелік ретінде сыйға берілген. 16 қаңтар 2018 жыл») деген жазуы бар.

Бұдан басқа Н.Ә. Назарбаевқа мемлекет басшылары мен ірі компания жетекшілері, көрнекті саясат және қоғам қайраткерлері тарту еткен көптеген басылымдарды Елбасы кітапханасының кітаптар экспозициясынан көре аласыздар.