2 қыркүйекте Қазақстанның мұнай-газ саласының қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті. Қыркүйектің бірінші жексенбісінде атап өтілетін бұл мерекенің тарихы кеңес дәуірінен келе жатыр. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2003 жылы кәсіби мереке ретінде ресми түрде бекітілді.

Бүгінгі таңда Қазақстанның мұнай секторы – ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Мұнай – сарапшылардың басты пікірлері мен валюта қорының негізгі көзіне айналған. Мұнай-газ саласының қызметкерелері ерен еңбектерімен мемлекетіміздің энергетикалық қауіпсіздігіне елеулі үлес қосып келеді.

Елбасы кітапханасының кітаптар қорын толықтырған жаңа түсірілімдер «қара алтынды» өндіру тарихын тереңнен зерттеушілер мен қазақстандық және әлемдік мұнай индустриясының әлеуметтік-экономикалық, саяси-тарихи аспектілеріне қызығушылық танытатындарға қажетті ақпараттар беріп, тың деректермен танысуға жәрдемдеседі. Мысалы, Борис Чердабаевтың «Тенгиз – нефтяной гигант. Летопись успеха» кітабы мұнай маманының тереңнен зерттелген ғылыми-көпшілік енбегі болып табылады. Ғылыми еңбек Жер бетіндегі ең ірі 30 мұнай өндірісінің бірі – «Теңізшевройл» компаниясының 25 жылдығына орай шығарылған. Осыдан ширек ғасыр бұрын, яғни 1993 жылдың 6 сәуірінде «Шеврон» трансұлттық корпорациясымен ең ірі мұнай-газ өндірілетін Теңіз кен орындарын бірлесе игеру жөнінде «Ғасыр келісімі» деген атауға ие болған шарт жасалған болатын. Басылымда кен орнының ашылу тарихы, отандық мұнай өндірісінің ағымдағы қызметі мен алдағы жетістіктері, әлемдегі мұнай өндірісінің ежелгі мәліметтерінен хабар береді, сондай-ақ ғаламшарымыздың ең ірі мұнай аймақтары жөнінде баяндайды. Ғылыми басылым ағылшын тілінде де жарық көрді.

Еңселі еліміздің елордасының 20 жылдығына орай американдық экономист, мұнай және газ өнеркәсібі туралы еңбектің авторы Дэниел Говард Ергин Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевқа өзінің «Добыча: Всемирная история борьбы за нефть, деньги и власть» және «Энергия көздерін іздестіру жолында. Ресурстар шайқасы, жаңа технология және энергетика болашағы» («В поисках энергии. Ресурсные войны, новые технологии и будущее энергетики», қазақ тіліндегі аударма) атты екі кітабын тарту етті.

Әлемдік бестселлерге айналған және 17 тілге аударылған «Добыча: Всемирная история борьбы за нефть, деньги и власть» еңбегі үшін Дэниел Ергин экономика жөніндегі ең үздік кітап бойынша Пулитцер және Экклз сыйлықтарына ие болды. Басылымды адамзаттың соңғы 150 жыл тарихын мұнай үшін күрес арқылы суреттейтін әлемдік мұнай саласын зерттеген ең мықты еңбек деп атайды.

«Энергия көздерін іздестіру жолында. Ресурстар шайқасы, жаңа технология және энергетика болашағы» кітабы әлемдік энергетиканы қалыптастырудың өзекті мәселелерін талқылап, заманауи энергетика саласы туралы әңгіме түрінде жазылған. Дэниел Ергиннің бұл еңбегі оқырмандарға қазіргі жаһандық энергетика жөнінде егжей-тегжейлі баяндай келе, «жаһандық ахуалда әлемнің энергия қажеттілігіне деген сұранысын қанағаттандыра ала ма?» деген бәрін толғандыратын жалғыз сұраққа жауап ретінде ұсынылған. Басылымда көтерілген мәселенің өзектілігі (энергетика, экология, саясат) қалың оқырман қауымның көңілінен шығатыны сөзсіз.

Кітаптарда автордың сый қолтаңбалары бар.