ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ КІТАПТАР ТОПТАМАСЫ. «КӨНЕ ЗАМАН ЖӘНЕ ВИЗАНТИЯ ДЕРЕККӨЗДЕРІНДЕГІ ҰЛЫ ДАЛА»

Елбасы кітапханасының кітап қоры «Көне заман және Византия дереккөздеріндегі Ұлы дала» атты үшінші рет қайта өңделіп, толықтырылған басылыммен толықты. Бұл басылым – біздің дәуірімізге дейінгі XII ғасырдан бастап XV ғасырға дейінгі кезеңде Еуразия даласында өмір сүрген халықтар мен оның көршілері туралы көне заман және византиялық дереккөздердегі мәліметтер жиынтығының қазіргі уақыттағы ең ауқымдысы болып саналады. Оның құрастырушысы және редакторы - белгілі түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Александр Гаркавец.  

«Көне заман және Византия дереккөздеріндегі Ұлы дала» кітабына ежелгі грек, латын және византиялық авторлардың Ұлы дала туралы материалдары енгізілен. Александр Николаевичтің айтуынша, аталған жинақты әзірлеу үшін ол 500-ге жуық авторды сұрыптап, 2,5 мыңға жуық туындыны дереккөз тілінде және басқа да еуропа тілдеріндегі аудармасында зерттеген. 500 шығарманың ішінен 150-ден астам автор іріктеліп, алынған. 2019 жылы шыққан басылым - Көне заман және Византия дереккөздеріндегі Ұлы дала» жинағының үшінші жарияланымы, ол осы жолы қайта өңделіп, толықтырылды. Аталған кітаптың әлеуметтік маңызды әдебиеттер тізіміне енгенін атап өткіміз келеді.

Жинақ беттерінде грек және латын тілдерінде жазған ежелгі тарихшылардың, географтардың, жазушылардың және мемлекет қайраткерлерінің еңбектерінен алынған Ұлы Дала туралы мәліметтермен қанығуға болады. Олардың қатарында Эсхил, Софокл, Платон, Аристотель, Демосфен және басқа да көптеген ойшылдар бар. Мысалға, Геродоттың «Тарихынан» да үзінділер келтірілген, онда грек тарихшысы Азияға былай сипаттама береді: «Жер картасын қаншама адам сызғанмен, бірақ олардың Жер сызбасын түсіндіре алмауы келеңсіз жағдай. Олар Мұхитты жерді айнала ағып жатыр деп бейнелеп, циркульмен сызылып қойғандай көрсетеді. Әрі Азияны аумағы бойынша Еуропамен шамалас деп санайды. Сондықтан мен әлемнің екі бөлігінің аумағы мен олардың әрбіреуінің пішіні қандай екені туралы қысқаша айтып беремін». Каспий теңізі туралы: «Бұл - өте ерекше теңіз. Оның ұзындығы – еспелі кемемен он бес күн жүзгендей болса, ал ең көлемді ені - сегіз күн жүзгендей». Сонымен қатар, аталған еңбекте массагеттер патшайымы Тұмар ханша мен парсы патшасы Кир қарым-қатынастары және олардың арасындағы шайқас туралы егжей-тегжейлі баяндалады.  

Жинақтың құрастырушысы Александр Гаркавец 20 кітап пен 140-тан астам ғылыми мақаланың авторы. Оның еңбектері ежелгі және қазіргі қыпшақ тілдеріне (құман-қыпшақ, армян-қыпшақ, ұрым), қыпшақ жазба ескерткіштеріне, түркі тілдерінің басқа тілдермен өзара әрекеттесуі тұрғысынан дамуына; тіл саясатына, тілдік байланыстарға  арналған. Александр Николаевич бірқатар марапаттардың, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының, А.Макаренко медалінің және «Тарлан» жүлдесінің иегері. «Көне заман және Византия дереккөздеріндегі Ұлы дала» жинағы қалың оқырмандардың қызығушылығын туғызары сөзсіз, сондай-ақ Ұлы дала мен онымен іргелес аймақтардың ежелгі және ортағасырлық тарихын зерттеумен айналысатын маман-ғалымдар үшін де өте маңызды.