ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ КІТАПТАР ТОПТАМАСЫ. ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗ ӘЛЕМГЕ ЖОЛ

«Ядролық қарусыз әлемге бетбұрыс: Елбасы бастамалары» ғылыми жинағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бітімгерлік бастамаларына және оның барша адамзаттың мүддесі үшін ядролық қарудан азат әлемді құру жөніндегі саясатына арналған. Бұл кітапты саяси ғылымдардың докторы, профессор М.Б. Қасымбековтың жетекшілігімен Елбасы кітапханасының ғылыми шығармашылық ұжымы дайындаған.

Жинақ мазмұны  1945 жылғы 6 тамызда Америка Құрама Штаттарының жапон қаласы Хиросимаға алғашқы атом бомбасын тастау оқиғасынан басталып, 2018 жылғы 29 тамызда, елорданың 20-жылдық мерекесіне орай  Нұр-Сұлтан қаласында Семей ядролық полигоны мен Қазақстанның ядролық қаруға қарсы күресу тарихына арналған «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылуымен аяқталады. Ал, осы оқиғалар арасында оқырмандарға И.В.Курчатовтың жетекшілігімен КСРО-ның ядролық қаруының жасалуы, Қазақ КСР-і Семей қаласы маңындағы шөл далалардың сынақтарды өткізу үшін таңдалуы, осы бір тажал жарылыстарды басынан өткізіп, одан зардап шеккен қарапайым қазақстандықтар туралы үлкен тарих баяндалған. 1947 жылы ядролық полигонның құрылысы басталып, бұл нысан ұзақ жылдар бойы ешқандай географиялық картада белгіленбеді. 1949 жылғы 29 тамыз күні КСРО-нда алғашқы ядролық қару сынағы өткізіліп, сынақтар 40 жылдан астам уақытқа жалғасты.

Жарты ғасырға жуық жерімізді улап, халқымыз зардабын шеккен ұлт қасіреті – ядролық сынақ жүргізуге қарсылық таныту керек болды. КСРО әскери-өнеркәсіп кешеніне тойтарыс беріп, сынақ полигонын біржолата жапқызатын күш қажет болды. Осы күш – өткен ғасырдың 80 жылдарының соңында Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы лауазымында болған Н.Ә.Назарбаевтың бойынан табылды. Оның тікелей қолдауымен 1989 жылы Невада-Семей антиядролық қозғалысы құрылды. Н.Ә.Назарбаевтың мәскеулік билікке қарсы ядролық сынақтарды болдырмауға бағытталған пәрменді іс-әрекеті оң нәтижесін беріп, сынақтарды жүргізу тоқталды. Ал 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Семей ядролық полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. Полигонды жою – ядролық сынақтар кезеңін тоқтатты. Алайда адам денсаулығы мен қоршаған ортаға келтірілген залал орасан зор еді. Аталған оқиғалар ғылыми жинақта жан-жақты көрсетілген.

Қазақстанның келесі қадамы жабылған Семей сынақ полигонындағы ядролық қаруды ел аумағынан шығару болды. Қазақстан ядролық қарусыз мемлекет мәртебесіне ие болды. Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғаш болып Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) қосылды. Ғылыми жинақ беттерінен орын алған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының жеке архивіндегі Елбасының жеке қолтаңбасы бар құжаттар, сондай-ақ осы тақырып бойынша Елбасы кітапханасы қорындағы материалдар оқырманның мол қызығушылығын тудырары сөзсіз.