Оқырмандарды Елбасы кітапханасына түскен жаңа басылымдармен танысуға шақырамыз.

Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Ел басқарудың алғашқы жылдарынан бастап Елбасы ішкі тұрақтылық, ұлтаралық келісім мен халықтың бірлігімен қатар сыртқы саясатқа да аса назар аударды.

Ширек ғасыр бұрын Н.Ә. Назарбаев «Мемлекеттердің еуразиялық одағын құру туралы» тарихи жобасын ұсыну арқылы өзінің еуразиялық идеясын негіздеп, ұсынды. Оны нақты жүзеге асырудың нәтижелері ретінде әр жылдары Еуразиялық экономикалық қауымдастық (ЕурЭҚ), Кедендік одақ, Біртұтас экономикалық кеңістік және Еуразиялық экономикалық одақ құрылды.

Елбасы кітапханасының «Н.Ә.Назарбаевтың еуразиялық бастамалары: тарих, қазіргі жағдайы және келешегі» атты бірегей басылымы аталған жаһандық идеяның 25 жылдығына және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 5-жылдығына арналған.

Кітап «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев: мемлекеттік басқарудың стратегиясы және лидерлік феномені» ғылыми бағдарламасының «Қазақстан қазіргі кезеңде» ғылыми жобасын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысы, саяси ғылымдардың докторы, профессор Махмұд Қасымбековтің жетекшілігімен дайындалған. 

Жинақта еуразиялық идеяның тарихы, ХХІ ғасырда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің тағдыршешті бастамасының арқасында жаңа серпін мен халықаралы-саяси үндестікке ие болған заманауи еуразиялық интеграцияның жағдайы қарастырылған. Кітапқа Елбасының жеке архивінен оның қолтаңбасы бар құжаттар, сондай-ақ Елбасы кітапханасы музейлік жинағынан материалдар енгізілген.

 Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еуразиялық идеясына Елбасы кітапханасының кітап қорына жаңадан түскен кітаптар да арналған.

Тайыр Мансұровтың «Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық жобасына 25 жыл. 1994-2019» кітабында аталмыш жобаның тарихи рөлі посткеңестік елдер алдында жаңа мүмкіндіктер мен келешектерді ашатын тиімді экономикалық және әлеуметтік дамудың түйінді құралы ретінде дәйектіліктпен ашылған.

Автордың еуразиялық интеграция мәселелеріне қызығушылығы кездейсоқтық емес. Тайыр Мансұров – белгілі қазақстандық саясаткер және Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып көп жыл қызмет еткен дипломат, ЕурЭҚ бас хатшысы, Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және көлік жөніндегі Алқа мүшесі (министр) лауазымдарын да атқарған, экономика ғылымдарының докторы. Ол еуразиялық интеграция идеясының куәгері ғана емес, ол оның туындауына, қалыптасуына және нақты дамуына тікелей атсалысқан азамат.

Т.А. Мансұровтың «Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық жобасына 25 жыл» атты кітабы еуразиялық интеграция тақырыбы бойынша  осы уақытқа дейін көпке белгісіз болып келген қызықты деректерді және Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өлшеусіз  рөлін баяндайды.

Көрнекі бай материалдармен қамтылған салмақты ғылыми еңбек көпшілік оқырманға, ғалымдарға, мемлекеттік басқару мен халықаралық қарым-қатынастар саласының мамандарына, заманауи тарихымызға қызығушылық танытатын барша азаматтарға арналған.

Алдағы жылы Н.Ә.Назарбаевтың тағы бір жобасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аталып өтілмек. Ассамблея қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мен этносаралық қарым-қатынастар саласындағы мемлекет пен қоғамның азаматтық институттарының өзара байланысының тиімділігін арттыру жөніндегі мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыруды жүргізуге бағытталған.

Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА құру идеясын алғаш рет 1992 жылы өткен Тәуелсіздіктің алғашқы мерейтойына арналған Қазақстан халқының форумында жария етті. 1995 жылғы 1 наурызда Мемлекет басшысы жанындағы консультативтік-кеңесші орган мәртебесімен Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Президент Жарлығы қабылданды. 2007 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, Ассамблея Парламент Мәжілісіне тоғыз депутатты сайлау құқығына ие болды. Президент 2008 жылғы 20 қазанда «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде еш баламасы жоқ Заңға қол қойды. ҚХА еліміздің саяси жүйесінің толыққанды субьектісіне айналды. Сонымен қатар, Ассамблея азаматтық қоғамның дамыған буынының және ХХІ ғасырдағы азаматтық бірегейлікті жасақтаудың маңызды тетіктерінің біріне айналды.

Елбасы кітапханасының кітап жинақтамаларында ҚХА қызметіне және оны құру мен дамытудағы Н.Ә. Назарбаевтың рөліне арналған кітап сақтаулы. «Елбасы және халқы» атты 2019 жылғы қоғамдық-саяси басылымда 1995-2018 жылдар аралығындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың ҚХА сессияларында сөйлеген сөздерінің мәтіндері, ҚХА қызметіне және оның құрылуына себепкер болған бастамашысына арналған танымал қазақстандық саясат және қоғам қайраткерлерінің баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары, сондай-ақ этномәдени бірлестік өкілдерінің қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бірліктің қазақстандық моделінің авторы Н.Ә.Назарбаевқа арналған үндеулері жинақталған.