ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ КУБОГЫ ҮШІН ПІКІРТАЛАС ТУРНИРІ ӨТТІ

2 қарашада Елбасы кітапханасы, «Ақиқат» пікірсайыс клубы мен Нұр-Сұлтан қаласы Білім бөлімінің ұйымдастыруымен елордалық колледж студенттері арасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының көшпелі  кубогы үшін пікірталас турнирі өтті. 

  

2018 жылы турнирдің жеңімпазы атанған Жоғары көлік және коммуникациялар колледжінің командасы болғандықтан, биылғы жарыс сол оқу ордасында өтті. Осы оқу орнының педагогикалық ұжымының ұйымдастырушылық жұмысының жоғары деңгейде екенін атап өткен жөн.

Іс-шараны ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова кітапхананың әртүрлі мәдени-ағартушылық қызметі туралы айтып, «Ақиқат» пікірсайыс клубының жұмысына тоқталды:

–Клубтың негізгі міндеттері – қазақстандық қоғамның қоғамдық-саяси дамуының өзекті мәселелерін талқылау, көпшілік алдында көсіліп сөйлеу өнерін жетілдіру, өз ұстанымын дәлелдеп, өзіндік көзқарасын қорғай білу. Жыл сайын пікірталас турниріне қатысатын командалар мен қатысушылар саны артып келеді. Биыл турнирге қатысқысы келетіндер саны елордалық 15 колледжден 200-ге жуық адамды құрады.

Биылғы жарыстың негізгі тақырыптары – білім мен ғылым саласындағы инновациялар. Турнир үш іріктеу кезеңінен және қорытынды ойыннан тұрды. Барлығы 50 команда қатысты, олардың: 32 қазақ тілінде болса, 18 орыс тілінде.

Жүлделер орны төмендегідей бөлінді:

Қазақ лигасы:

1 орын: Жоғары көлік және коммуникациялар колледжінің «Кешірініздері» командасы;

2 орын: Гуманитарлық колледждің «Жеңіс біздікі» командасы;

3 орын: Гуманитарлық колледжінің «АГК-1» командасы.

Орыс лигасы:

1 орын: Гуманитарлық колледжінің «АГК-мечта» командасы;

2 орын: «Лингва» колледжінің «Young Hearts» командасы;

3 орын: Гуманитарлық колледждің «АГК-Stars» командасы.

Марапаттау рәсімінде жеңімпаз командалар, үздік спикерлер, жаттықтырушылар мен турнирдің судьялары бағалы сыйлықтарға ие болды.

Дарья Пашкевич, «Лингва» колледжінің студенті:

– Пікірсайыс клубы түрлі әлеуметтік, коммуникативтік дағдыларды дамытып, ойды дұрыс тұжырымдай білуге үйретеді. Турнирде біздің қоғамның маңызды және өзекті мәселелерін талқыланғаны маған қатты ұнады. Барлық қатысушылар түрлі жобаларды ұсынып, өз ойларын еркін ортаға салды. Қазылар алқасының ойын барысына араласпай, әділ баға бергені таң қалдырды. Мұндай пікірталастар әр адамға өз мүмкіндіктері мен қабілеттерін тексеріп көруге жол ашады.

Әнуар Мұқанов, «Лингва» колледжінің студенті:

– Пікірталас өте жақсы өтті. Ұйымдастырушылар турнирдің тақырыптарын сәтті таңдаған. Жеке өзіме виртуалды әлем мен тың ақпараттық технологиялар мәселесін талқылау ұнады. Пікірсайыс – бұл жаңа ақпарат, жаңа практикалық маңызды тәжірибе. Мен командам және колледжім үшін  өте қуаныштымын. Мен барлығына пікірсайыста күштерін сынап көруге кеңес беремін, бұл әр адам үшін өте пайдалы деп ойлаймын.

 

Рахим Шайзодаев, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті, турнирдің бас төрешісі:

– Пікірсайыс – бұл жаңа адамдармен, жаңа идеялармен кездесудің ауқымды әрі пайдалы алаңы. Әйгілі әлемдік саясаткерлер, мысалы, Б.Обама, Т.Мэй және басқалар студенттік жылдары біршама  пікірсайыстарға қатысқан. Пікірсайыс сөзбен қағысу, сұхбаттасу, пікірталас өнеріне қызығушылық танытқандардың барлығына пайдалы. Бұл сыни ойлауды дамытып, жағдай мен оқиғаны тұтастай көруге көмектеседі. Пікірсайыс ойлау көкжиегіңді кеңейтеді, сондай-ақ мұнда талқыланатын тақырыптар экономика, саясат, спорт, білім және т.б. саласындағы арнайы білімді талап етеді. Мен бүгінгі турнирдегі командалардың дайындық деңгейі өте жоғары деп санаймын және барлық қатысушыларға келесі пікірталастарда сәттілік тілеймін.