4 шілде күні, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасынының музейінде «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қалалық ұйымы «Бірлік» филиалының салтанатты жиналысы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің, қалалық мәслихаттың депутаттары, министрліктер мен ҚР Президенттік Іс басқармасына қарасты ұйымдарда қызмет ететін партия мүшелері және партия ардагерлері қатысты.

«Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қалалық ұйымы «Бірлік» филиалы төрағасының орынбасары Шыңғысхан Қожахметов отырысты ашып, алғы сөзді Елбасы кітапханасының директоры, «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымының төрағасы Әмірхан Рахымжановқа берді.

– «Nur Otan» партиясының мүшелерін Елбасы кітапханасының музейінде көруге қуаныштымыз. «Nur Otan» партиясының негізін қалаушы және оның төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел астанасы Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшкеннен кейін 1997-2004 жылдары осы тарихи ғимаратта қызмет етті. Серпінді дамудың 20 жылында «Nur Otan» партиясы озық өзгерістердің, республиканың халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру стратегиясын жүзеге асырудың басты тірегіне, Қазақстанның бірлігін, тұрақтылығын және гүлденуінің сенімді жақтастарын біріктірген қозғалыс күшке айналды. Осы жылдары партия отандастарымыздың шынайы сенімінен шыға алды. Біздерге, партия мүшелеріне аса жауапты міндет жүктелген, ол - партия қойған мақсаттарды, Елбасының идеялары мен бастамаларын жүзеге асыру арқылы барша еліміздің дамуына өз үлесімізді қосу, - деп атап өткен Ә.М. Рахымжанов қатысушыларды келе жатқан Елорда күнімен құттықтады.

Іс-шара барысында жақында өткен президенттік сайлау науқанында сайлауалды үгіт-насихат, штабтар мен сайлау учаскелерінің жұмысында белсенділік танытқан партияның 25 мүшесіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Алғыс хаттар тапсырылды. Мемлекет басшысының Алғыс хатымен марапатталғандар қатарында Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов та бар.

Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясы елордалық филиалының Алғыс хатымен Ұйымдастыру жұмысы қызметінің жетекші сарапшысы Құралай Шайкенова Құқықтық сараптама, құжаттамалық қамтамасыз ету және кадр қызметінің жетекші сарапшысы Айнұр Сұлтанбаева, Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің жетекші сарапшысы Ерден Ордабек марапатталды.

Іс-шара аяқталған соң қонақтар үшін экскурсия жүргізілді.