Елбасының кітапханасында 2019 жылдың 11 маусымында Педагогтар кеңесінің отырысы өтті. Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы жанындағы Педагогтар кеңесінің мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының өкілдері,  Нұр-Сұлтан қаласының тарих пәнінің мұғалімдері, Елбасы кітапханасының еріктілері қатысты. Күн тәртібінде 2019 жылдың І жарты жылдығына қорытынды жасау және Елбасы кітапханасының жанындағы еріктілерге әдістемелік көмек көрсету туралы мәселелер қаралды.

Педагогтар кеңесінің отырысын ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Б.М. Қайыпова 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында Ғылыми-білім беру бағдарламасының негізінде атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Ботагөз Муттахиденқызы өз сөзінде Кітапхананың білім беру бағдарламасы Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасымен бірлескен Лекторий кестесінің негізінде жүзеге асатын сан қырлы бағыттардан тұратынын атады. 

Сонымен қатар Кітапхананың Ғылыми-білім беру жұмысында еріктілер жұмысы қолға алынды. Елорданың бірқатар жоғары оқу орындарының студенттерінен құрылған еріктілер Кітапханада атқарылған бірқатар жұмыстарға атсалыса отырып, № 1 және № 60 мектеп-лицейлерінде «Астаналар – мемлекеттілік нышаны» тақырыптарында еріктілер сағатын өткізді.

Отырыс барысында Әлеуметтік-гуманитарлық жобалар және білім беру қызметінің жетекші ғылыми қызметкерлері Н.Қ. Мусина «Астанатану» оқу курсының мазмұнына тоқталса, Л.Ә. Омарова Елбасы кітапханасы ғызыми-зерттеу жұмысы барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы   Н. Ә. Назарбаевтың өмірбаяны мен қызметін зерделеу барысындағы ізденіс жұмыстарына тоқталды. Ал Ә.Ә. Оспанова еріктілерге сабақ өткізуде әдістемелік ұсыныстар жасады. Оның ішінде мектеп оқушыларының психологиялық және жас ерекшеліктерін ескере отырып, сабақ өткізуді тренинг түрінде көрсетті.

Отырыс жұмысын қорытындылған Б.М. Қайыпова аталған ұсыныстарды алдағы уақытта ескере отырып, жұмыс жоспарына енгізілетінін және І жарты жылдықта еріктілер мүшелерінің белсенділігін атай отырып, Елбасы кітапханасының атынан алғыс хаттар тапсырды.