ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ СЕМИНАР-ТРЕНИНГТЕРІ. МАУСЫМ – 2020

Бүгін «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингінің жаңа толқыны – қазақстандық студенттер Елбасы кітапханасына келді. Биылғы жылдың жаңартылған оқу курсын алғашқылардың бірі болып Алматы қаласының әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері тыңдайды.

Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері дайындаған семинар бағдарламасы әр жаңа маусымда елдің басты құжаттарына сәйкес, оның ішінде Тұңғыш Президент – Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы, оның «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары, «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы бойынша, сондай-ақ ағымдағы кезеңнің өзекті тақырыптарына сай жаңартылып тұрады.

– Біздің семинар-тренингтерде биылғы жылы  Қазақстанда халықаралық деңгейде атап өтілетін бірқатар ірі оқиғалар мен атаулы күндер туралы да айтылатын болады. Ата Заңның – 25 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойларын атап өту – құр думандатып шашылу емес, ұлы тұлғалардың асыл мұраларын қоғамға кеңінен насихаттау екенін әр тыңдаушыға жеткізе білуіміз керек. Біз данышпандардың еңбектеріне толығырақ тоқталатын боламыз. Неге Абай Құнанбаевтың шығармалары  мен «Қара сөздері» әлемге әйгілі? Әл-Фараби өзінің трактаттарында қандай мемлекет пен қоғамды идеалды деп санады? Бұл сұрақтарға біз тек студент жастармен ғана емес, сонымен қатар семинарлардың ересек қатысушылары, әскери және мемлекеттік қызметшілермен жауап іздейміз. Биылғы жылғы семинарлардың тағы бір маңызды тақырыбы – Жеңістің 75 жылдығы, - деді семинардың лекторы, Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердағұлова.

С.Бердағұлова атап өткендей, Елбасы кітапханасының білім беру семинарларының міндеті – жастардың бойында патриоттық сезімді, өз Отанына деген адалдық пен ұлттық бірегейлікті дамытып, мемлекеттің бейбіт және қарышты дамуына бағытталған үдерістерге ортақтастығын қалыптастыру.