«Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты Елбасы кітапханасы семинар-тренингінің төртінші маусымы биыл ақпан айында басталды. Жаңартылған оқу бағдарламасы Тұңғыш Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдаулары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларына, «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабына негізделген.

Екі күндік оқудың барысында тыңдаушылар тың дәрістерге қатысып, әлеуметтік жобаларды дайындады, топпен жұмыс істеп, пікір алмасты. Іс-шараның қатысушылары болып бүгін Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері келді. 

Самат Сәбетбек – Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі.Оның міндеті – қаржы саласындағы құқықбұзушылықты зерттеу, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың жолын болдыртпау. Саматтың айтуынша Елбасы кітапханасының оқу бағдарламасы рухани азық беріп, ел дамуына үлес қосуда тыңдаушыларға ой салады.

«Елбасы қойып отырған міндеттер елге деген ыстық ықыластан туындаған. Оларды жүзеге асыру үшін нағыз патриот болуымыз керек. Мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңін өткеріп жатқанда отансүйгіштік қасиетке баса көңіл аударылуы тиіс.

 

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, тәрбиені бала кезден бастаған абзал. Осы тұста туған тілді балабақшада ғана емес, қоршаған ортада толықтай насихаттауды қолға алған жөн», - деді С. Сәбетбек.

 

«Мен Тәуелсіздік құрдасымын. 1991 жылғы 16 желтоқсанда дүниеге келдім. Елбасы кітапханасы мен музейінде тарих беттерін парақтау мүмкіндігіне ие болдым. Мемлекеттің қалыптасу кезеңдерін шолып, тәй-тәй басқан баланың қадамындай еліміздің даму жолындағы әрбір қадамын елестеттім. Елбасы кітапханасының дәріскерлері берген деректерді бұрын-соңды еш жерден кезіктірмеппін. Екі күннің ішінде біраз әсер алдым», - деді Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментінің жедел уәкілі    Алмас Құрманбек.

 

 

Жыл басынан санағанда, Елбасы кітапханасының «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингі 13 рет өткізіліп үлгерді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген 600 адам қатысты.

Тыңдаушылардың қатарында колледж, жоғарғы оқу орындарының студенттері, әскери және мемлекеттік қызметкерлер болды.

Әр семинардың қорытындысы бойынша тыңдаушылар сертификаттар беріліп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін естелік кітаптармен марапатталды.