ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ІС-ШАРАЛАР ТОПТАМАСЫ

29 қарашада Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері Тұңғыш Президент күніне арналған Елбасы кітапханасы іс-шараларының онкүндігі аясында Ақмола облысы Степногорск қаласындағы № 6 МГ, № 5 МЛ,  № 9, №2, № 7 ОМ мектеп ұжымы мен оқушыларына көшпелі іс-шаралар топтамасын өткізді.

Іс-шара алдына қатысушыларға Елбасы кітапханасының негізгі қызметі мен оның құрылу тарихы туралы баяндайтын «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы» бейнефильмі көрсетілді.

  

Іс-шара аясында авторлық тақырыптық дәрістер мен элективті курстың таныстырылымы ұсынылды. Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкері Гүлмира Атабаева 5-6 сынып оқушыларына «Теңге – ел тәуелсіздігінің нышаны» тақырыбында дәріс жүргізді. 8-10 сынып оқушыларына жетекші ғылыми қызметкер Назира Мусина «Тәуелсіз Қазақстанның астанасын құрудағы Елбасының рөлі» атты дәріс оқып, тыңдаушыларға «Астанатану» эликтивті курсының мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берді. 10-11 сынып оқушыларына арналған «Елбасытану» элективті курсын жетекші ғылыми қызметкер Ләйлә Омарова өткізді.

Степногорск қаласының білім бөлімі басшысының орынбасары Алтын Оспанова жиналғандарды келе жатқан Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, Елбасы кітапханасының басшылығы мен қызметкерлеріне осы шараны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді:

–Балалар бойында патриоттық сезімді қалыптастыру үшін әдемі сөздер емес, елі мен халқына деген мақтанышын оятатын тарихтың жарқын беттерін көрсету керек. Бүгінгі дәрістерде ұсынылған мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттер –  еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен бұралаң жолы мен биік белестерінің көрінісі. Тәуелсіздіктің жетістіктері еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Ел дамуының қазақстандық моделінің күллі әлемде «Назарбаев моделі» аталуы ерекше мәнге ие. Елдің болашағы өскелең ұрпақтың қолында болғандықтан, олар тәуелсіздіктің лайықты ізбасаралары болады деп сенемін.

Әртүрлі, танымдық, дәстүрлі емес сабақтарды тек мұғалімдер ғана емес, мектеп оқушылары да жоғары бағалады.

Элина Ханникова, № 6 МГ 9 сынып оқушысы:

–Астанамыздың тарихы туралы дәріс мазмұнды әрі қызықты болды. Елорда тарихы мен тәуелсіздік тарихы тұтас ұғым. Маған Н.Назарбаевтың астана –  тек ғимараттар, сәулет емес, бұл, ең алдымен адамдар деген сөзі ұнады. Біз, жастар, еліміздің болашағы ретінде, мемлекетіміздің дамуына лайықты үлес қосу үшін тарихымызды жақсы оқып, құрметтеуіміз керек. Баршаңызды келе жатқан мерекемен құттықтап, барша қазақстандықтарға өркендей беріңіздер дегім келеді.

Балнұр Османова, № 2 ОМ 10 сынып оқушысы:

– Біз Н.Назарбаевтың өмірбаяны туралы көптеген қызықты мәліметтер білдік. Ол еліміздің гүлденуіне өлшеусіз үлес қосты. Біз үшін ол тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы, нағыз патриот және әлемдік деңгейдегі саясаткердің үлгісін көрсете білген тұлға. Барлық оқытушыларға қызықты дәрістері үшін алғыс айтқым келеді. Осындай дәстүрлі емес шаралардың көп болғанын қалаймын.

Қарақат Базарбай, № 6 ОМ 5 сынып оқушысы:

–Біз теңгені жасау туралы дәрісті тыңдадық. Біздің ұлттық валютамыз әлемде дизайны жағынан ең әдемі және қорғалған деп танылды. Болашақта бізге дәрісте алған білім өте қажет болады. Біз өз тарихымызды білуіміз керек.