2018 жылғы 3 шілдеде Елбасы кітапханасына Ақмола облысындағы Целиноград ауданы «Родина» ауыл округі №33 орта мектебінің оқушылары келді.

 

Елбасының өмірі мен қызмет жолын, идеялары мен бастамаларын зерттеу арқылы жастар тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму кезеңдерінен сыр шерткен көрмелер мен экспозициялармен танысты. Олар iDos робот-гидімен тіл табысып, оның қатысуымен өткен интеллектуалды викторинаға қатысты. Электронды гид жастарға Елбасының өмір жолына қатысты сұрақтар қойып, олардың зейінін тексерді.

 

 

– Елбасы кітапханасы бізге ұмытылмас әсер қалдырды! Оның төрінде біз Мемлекет басшысына қатысты бір қатар қызықты деректермен танысып, білім қорын толықтырдық. Мазмұнды экскурсияға қатысып, мәнді жәдігерлерді араладық. Олардың арасында ең ұнағаны – Мемлекет басшыларының Елбасыға тарту еткен шахматтар топтамасы. Робот-гидпен өткен викторина да қызықты өтті. Оның аясында Елбасының балалық шағы мен жас кезіне қатысты сұрақтар, саяси қызметіне қатысты түрлі сауалдар қойылды. Бұл жерде алған білімім келешекте ҰБТ бойынша Қазақстан тарихын сәтті тапсыруыма себепкер болады деген ойдамын, - деді 9 сынып оқушысы Полина Брюхова.

Елбасы кітапханасының интеллектуалды викторинасына қатысқан жасөспірімдердің қатарында 28 маусымда келген Астана балалар ауылының тәрбиеленушілері де бар. iDos-тың тапқырлығына сүйсінген 12 жеткіншек сұрақтарға жауап беріп, робот-гидтің қолынан сертификаттар алды.