ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ЖИНАҒЫ ТОЛЫҚТЫ. ЖЕР БЕТІНДЕГІ РЕСМИ РЕЗИДЕНЦИЯЛАРДЫҢ ТІЗІМІ КІТАП БЕТІНЕ ТҮСТІ

Елбасы кітапханасының қоры тың басылыммен толықты. Сүйікті оқырмандарының назарына ол ағылшын тілінде жарық көрген «Official residences around the world» («Жер бетіндегі ресми резиденциялардың тізімі») кітабын ұсынады.

Ақ үйдің тарих қауымдастығы қолдаған еңбектің авторы, философия ғылымдарының докторы, мәдениеттанушы Эбби Клуз-Рэдиган Азия, Таяу Шығыс, Африка, Еуропа, Оңтүстік және Солтүстік Америка сияқты аумақтардың 50-ден астам елін қамтып, мемлекеттердің резиденциялары мен президент әкімшіліктеріне шолу жасайды.

 

Тарих қауымдастығының президенті Стюарт Маклауриннің айтуынша, «...кітап Ақ үй мен әлемде бар ұқсас нысандардың ортақ ерекшеліктерін сипаттап, қайталанбас ұлттық нақыштарын келтіреді».

Расында да басылым беттерінде президент әкімшіліктерінің сыртқы және ішкі құрылысына жасалған талдауды суреттерден-ақ байқауға болады. Автор резиденциялардың негізгі құрамына тоқталып, кей дүниелердің мән-мазмұнын ашады. Ол талдаған ғимараттардың қатарында Нұр-Сұлтан қаласының төрінде орналасқан Ақорда да бар.

Э.Клуз-Редиган мемлекет басшысының қызмет орны саналатын мекеме құрылысының қай уақытта басталып, қай кезде аяқталғанын дерек ретінде беріп қана қоймай, ағылшын тілді аудиторияға «Ақорда» сөзінің этимологиясын түсіндіріп, халық арасындағы мәртебесін мемлекеттік рәміздердегі бейнелер мен ғимарат сәулетіндегі нақыштардың мәнін ашу арқылы жеткізеді. Әдемі суреттермен көркемделген мәтін мазмұнында автор астананың құрылуы мен дамуынан сыр шертетін тарихи деректерге де тоқталады.

Мұндай шолудың арқасында мәдениеттанушы Э.Клуз-Редиган оқырмандарды көптеген елдердің тарихымен, дизайны мен сәулетімен таныстырып,  ұлттардың мүддесі мен болмысын айқын суреттейді.