2019 жылғы 10 сәуір күні Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Елбасы кітапханасының қызметкерлері «Елбасы Н.Ә. Назарбаев: өмірбаян және жасампаз идеялар» семинар-тренингін өткізді.

Назарбаев Зияткерлік мектебі  оқушылары «Елбасытану» элективті курсын тәмамдап, «Көшбасшылық қабілеттерін дамыту» семинар-тренингіне қатысты.

Қызылорда қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бақыт Жұматай алғысөзінде семинар қатысушыларына сәттілік тілеп, Елбасы кітапханасының басшылығы мен ұжымына алғысын білдірді:

– Еліміздің тарихында әлеуметтік, саяси, экономикалық қиындықтар болғанына қарамастан, бүгінде біз тұрақты даму жолына түскен мемлекеттердің біріне айналдық. Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы Елбасының қамқорлығын, оның жастарға деген ерекше мейірімін жақсы сезеді. Елбасы кітапханасының жақында ғана облысымызда тұсауы кесілген «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға қоғам» көшпелі көрмесі аясында мектебімізде арнайы өткізіп жатқан семинары осыған дәлел. Аталмыш семинардың аясында жастар аса құнды, маңызды ақпаратқа қол жеткізді. Тұңғыш Президенттің есімімен аталған мектеп ретінде біз Елбасы кітапханасымен серіктес болуды абырой тұтамыз, - деді ол.

Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ләйлә Омарова оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарының құжаттарды іздестіру нәтижелерімен таныстырды. Оларды Елбасы кітапханасы қызметкерлері «Елбасытану» элективті курсы аясында дайындаған. Ләйлә Әріпқызы оқушыларды 2005 жылдан бастап жүргізілген ғылыми-іздестіру экспедициялары мен іссапарлардың құнды материалдарымен, құжаттарымен таныстырды. Олар Елбасының туған өлкесі – Алматы облысының Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, Үшқоңыр ауылы, сонымен қатар, оқу және қызмет орындарымен тығыз байланысты Днепродзержинск (Украина), Теміртау, Қарағанды, Алматы қалаларынан табылған. Архивтер мен кітапхана қорларынан табылған, бүгінге дейін көпшілікке беймәлім болып келген мәліметтер тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын туғызды.

 

Іс-шараның практикалық бөлімінде жетекші ғылыми қызметкер Әсия Оспанова «Жастардың бойында көшбасшылық қасиетті дамыту» элективті курсының тақырыптық жоспарына сәйкес оқушылардың бойындағы қасиеттерді дамытуға бағытталған тренингтік дәрістер өткізді.

Іс-шараның практикалық бөлімінде жетекші ғылыми қызметкер Әсия Оспанова «Жастардың бойында көшбасшылық қасиетті дамыту» элективті курсының тақырыптық жоспарына сәйкес оқушылардың бойындағы қасиеттерді дамытуға бағытталған тренингтік дәрістер өткізді.

Семинар соңында ұйымдастырушылар тарапынан қатысушыларға сертификаттар берілді.

– Бүгінгі семинарда біз Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы туралы мол мәлімет алып, көшбасшылық қасиеттерге қатысты тың ақпаратқа қол жеткіздік. Бұл деректер алға қойған мақсатыма қол жеткізуде маған жаңа серпіліс берді. Тренинг интерактивті үлгіде өтуімен ұнады. Оның аясында біз өзімізді еркін сезініп, ойымызды ашық білдіре алдық. Белсенділігімізді жаңа деңгейге көтере алдық, - деді Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып  оқушысы, мектептегі өзін-өзі басқару президенті Арайлым Өмірбекова.