Елбасы  кітапханасы мектепке дейінгі мекемелермен тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс жасауды дәстүрге айналдырған. Мектепке дейінгі кезең – адамгершілік сезімнің қалыптасуы мен тұлғалық дамудың ең алғашқы баспалдағы.  Патриоттық сезім де бала кезден бастау алады. Адами құндылықтың негізі қалана бастаған шақта  жас жеткіншек  айналасына назар аударып, бірте-бірте балада отбасына, туған жеріне, өз еліне деген сүйіспеншілік сезімі қалыптаса бастайды.

Бүгін Назарбаев орталығында «Елбасы және мәдениет мерейі» атты шеберлік сынып өтті. Елбасы кітапханасының Астана қаласы Білім басқармасының мектеп жасына дейінгі мекемелерімен бірлескен серіктестік жобаларын жүзеге асыру аясында өткізілген шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың туған жер мен Отанға деген патриоттық сезімін ояту, ел тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Жастар жылына арналған іс-шараға Астана қалалық Білім басқармасының қызметкерлері, мектепке дейінгі мекемелердің меңгерушілері мен әдіскерлері, сондай-ақ ата-аналар комитетінің мүшелері мен басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

– Бүгінгі ұйымдастырылып отырған «Елбасы және мәдениет мерейі» шеберлік сыныбы кітапханамыздың білім беру бағдарламасының аясында өтіп отыр. Кітапхана жұмысы қазіргі уақытта сан қырлы. Соның ішінде кішкентай достарымызға арналған «Бала және мәдениет» жобасы аясында түрлі мерекелік сабақтар мен шеберлік сыныптарын өткізу игі дәстүрге айналған. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – балаларды салт-дәстүрімізбен таныстыру, олардың түрлі мәдениетке құрмет сезімін қалыптастыру.

2017 жылы Назарбаев орталығында алғаш рет №38 «Шаттық» балабақшасының тәрбиеленушілері Астана күніне арналған «Жұлдызды қала – Астана» мерекесін ауқымды түрде өткізді. Ауқымды шараны 300-ден астам көрермен тамашалады. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады,-деді мәдени шараны  ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Елбасы кітапханасының елордадағы балабақшаларға ұйымдастырған «Жәдігерлер сөйлейді...» көшпелі музей сабақтарының сарынындай болған шарада Мемлекет басшысына сыйланған қару-жарақтар көпшілік назарына ұсынылып, бүлдіршіндерге шеберлік сынып өткізілді.

Сондай-ақ, салтанатты мәдени шара №4, №11, №20, №25, № 53, №38 елордалық балабақша  бүлдіршіндерінің мерекелік концертіне ұласып, жас таланттар би билеп, ән айтып, өз өнерлерін ортаға салды. 

 

– Мен бүгін  «Туған жер» деген ән айттым. Бұл жерден өзім сияқты көп өнерлі балаларды көрдім. Достар таптым. Өскенде өнеріммен, біліміммен туған елге қызмет ететін боламын, - деді елордадағы №11балабақшасының тәрбиеленушісі 6 жасар Нұрмұхаммед Рүстемхан.

Шара соңында қатысушыларға Елбасы кітапханасы атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар тарту етілді.