Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтарда жарияланған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы қалың жұрттың қолдауына ие болды. Стратегиялық тың құжатқа белгілі ғалымдар, саясаттанушылар, экономисттер, тарихшылар, жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері пікір жазды.

Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қызметкерлері де бар. Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжановтың айтуынша, жаңа Жолдау тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа кезеңін бастамақ.

Еңбек жолының басым бөлігін педагогика мен отандық білім беру жүйесін дамытуға арнаған Әмірхан Мұратбекұлы Мемлекет басшысының сөзін қолдап, адами капиталдың қалыптасуы мен дамуындағы негізгі шарттардың бірі сапалы білім екенін алға тартады.

«Жолдауда білім беру саласындағы өзіндік озық жүйемізді құруды жеделдету қажеттілігі атап өтілген. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінен бастап жоғарғы білім беру жүйесіне дейінгі бағдарламалардың мақсаты –  өзгерістерге бейім болу және жаңа білімді меңгере білу қабілеттерін дамыту болып отыр. Демек, мектепке дейінгі білім беру саласына балаларды ерте дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, білім берудің мектепке дейінгі сатысы мен алғашқы сапалы білім – мінез бен ақыл-парасаттың, коммуникациялық машықтардың қалыптасуына ықпал ететін дүниелер. Математика және жаратылыстану ғылымдарын оқытуды күшейту маңыздылығына да көңіл бөлу керек. Себебі, аталмыш ғылым салалары бойынша білім беру сапасын арттыру – парасатты, сыни ойлауға қабілетті жастар қатарын құрудың, жаңа технологиялық тәртіпке тез бейімделудің алғышарты», - дейді директор орынбасары.

Ә. Рахымжанов Жолдауда берілген адами капиталды дамытудың келесі жолы – техникалық білім беру туралы сөз қозғады: «Дарынды инженер-өнертапқыштарды, компьютер мамандарын тәрбиелеу үшін арнайы жағдайлар керек. Ол үшін жастарымыз бала кезінен-ақ техника саласы құрал-жабдықтарының, ақпараттық және цифрлы технологиялардың тілін білуі тиіс», - дейді ол.

Президент Жолдауына жазған пікірінде Әмірхан Мұратбекұлы былай дейді: «Тілге қатысты қалыптасып қалған күрделі мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысы нақты әрі жүйелі міндеттерді белгіледі. Қазақстан азаматтарының болашағы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік білуімен тығыз байланысты. Бұл мақсатқа Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап ұмтылып келеміз. Латын қаріпіне көшу арқылы дүниежүзілік ақпарат кеңістігіне қосылмақпыз. Президентіміздің айтуынша, мұндай қадам халықаралық терминологияда қалыптасып қалған сөздерді аударудағы мәселені шешуге көмектеседі. 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу мақсатында атқарылатын күрделі жұмыстар білім беру саласының барлық сатыларынан орын алмақ. Бұл реформаның жетістігі, сөзсіз, қоғамдық сананың деңгейі мен қалың жұрттың белсенділігіне тәуелді. Тіл – халықтың алтын діңгегі, ұлт даналығы мен мәдениетінің асыл қазынасы. Ал оны сын-қатерден сақтап, кейінгі ұрпаққа аман жеткізу – біздің мойнымызда».

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ақпараттық-идеологиялық кешені директорының орынбасары ретінде Ә.Рахымжанов қоғамдық сананы жаңғырту мен ұлт әлеуетін арттыруда рухани жаңғырудың, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын ұлықтаудың, мәдениетіміз бен идеологиямызды дамытудың ықпалы зор екенін айтады.

Өз пікірін түйіндей келе, Әмірхан Мұратбекұлы былай деп жазады: «Жолдауда көзделіп отырған жаңа білім беру жүйесін инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың бір саласы деп қарастыруға болады. Бұл жүйе жұмысының негізгі мақсатын Елбасы келесідей сөздермен жеткізді: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс».

Елбасы кітапханасы Архив жұмысы және ақпараттандыру қызметінің басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Еран Мағұзұмовтың айтуынша, Жолдауда Президентіміз белгілеген стратегиялық он мақсат әлемдік қауымдастықтың Қазақстанға білдірген сенімі мен жоғары бағасын сақтап қалуға, толағай жеңістерге қол жеткізуге ықпалын тигізбек.

«Күні кешегі тарихқа көз жүгіртсек, өндіріске автоматтандырылған жабдықтарды жаппай енгізуге негізделген Үшінші өнеркәсіптік революцияны күллі әлем қорқынышпен қабылдағанын байқаймыз. Уақыт өте келе бұл үдерістің бұлтартпастығын ұғынған мемлекеттердің көбісі даму жолына ілесуге тырысты. Ал 2011 жылы Еуроодақтың алдыңғы қатарлы мемлекеті Германия Индустрия 4.0 немесе Төртінші өнеркәсіптік революцияны сөз етті. Ол болса, Үшінші өнеркәсіптік революциядан әлдеқайда күрделірек. Индустрия 4.0 барысында адамзат өндірістің, өмірлік процесстердің жаппай автоматтандырылуына тап болады. Даму үрдерісінің бұлтартпастығын АҚШ, Ұлыбритания, Израиль секілді ірі мемлекеттер мойындап үлгерді. Ал жер бетіндегі өзге елдер мәселеге шарқ ұрды. Себебі, жұмбақ көп. Ағат шешімдер мен асығыс әрекеттерден туу мүмкін қауіп-қатерлер де аз емес. Мемлекет басшысы Төртінші өнеркәсіптік революцияны сын-тегеуріндердің ғана емес, мүмкіндіктердің де ошағы атайтыны да сондықтан. Мұның бәрі ұлттың әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Осы тұста Елбасының көрегендігі, дәлірек айтқанда, еліміздің, күллі адамзат өркениетінің даму ырғағын таба білген қасиеті таң қалдырмай қоймайды. Қазақстан Төртінші өндірістік революцияның терең ұғынып, оны қолдау көрсеткен жағдайда ғана ең дамыған елдердің қатарына қосыла алады. Оны жақсы білетін Елбасы өз Жолдауында батыл да парасатты шараларды ұсынады. Жолдауда республика тұрғындары құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі Үкіметтің орындайтын міндеттері белгіленген. Өндірістік жаңғыртудың күрделі үдерістері мен адамзат өміріндегі ірі өзгерістер кезеңінде бұл сөзсіз қуантарлық жайт. Себебі, Үкімет пен әкімдіктер үшін қауіп-қатердің алдын алу саясаты қашан да маңызды екеніне халық сенімді болуы тиіс».

Еран Құдысбекұлы мемлекетті дамыту жөніндегі Президент ойларының нақтылығы осынау күрделі кезеңде өмір сүріп жатқан халықтың көңіліне сенімділік ұялататынын ерекше белгіледі.