ЕЛБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРҒАН АТА-БАБА АРМАНЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –

Елбасы кітапханасының директоры,

саяси ғылымдар докторы, профессор

Ә.М.Рахымжановтың

 «Президенттік басқару нысаны:

конституциялық негіз және саяси тәжірибе»

атты халықаралық ғылыми-практикалық

онлайн конференцияда сөйлеген сөзі

 

Қайырлы күн, құрметті ханымдар мен мырзалар!

Сіздермен бүгінгі Қазақстан Республикасы президенттік институтының 30-жылдығына байланысты іс-шарада жүздескеніме өте қуаныштымын!

Қазақстандағы президенттік институттың 30 жылдығы - бұл еліміздің тарихындағы аса маңызды мерейтойлық меже, өйткені саяси басқарудың нысаны мен мазмұны кез-келген мемлекеттің тірек құрылымын белгілеп, оның азаматтарының өмір-сүру деңгейі мен әл-ауқатын анықтайды.

АҚШ-тың бірінші президенті Джордж Вашингтон «Мен жолсыз сүрлеумен жүріп келемін. Менің кез келген қимылым кейіннен өнеге болады», - деп жазған еді. 1789 жылы оның сайлануымен саяси жүйелердің әлемдік тарихы жаңа есепті кезеңді бастап, мемлекеттік  басқарудың теориясы мен тәжірибесіне орасан зор серпіліс берді.

Қазіргі әлемде қалыптасқан президенттік институтқа жүріп өткен тарихи жолының, қоғамдық дәстүрлері мен менталитетіне өзгешелігіне байланысты өзіндік ерекшелік пен айырмашылық тән. Бұл туралы АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер (1973-1977 жж) былай жазған еді:  «Батыстың мемлекеттік және қоғамдық институттары біртіндеп дамыды, жаңа мемлекеттердің басым көпшілігінде олар бірден дамыған нысанда құрылды. Батыста, шешілуі ғасырларға созылған міндеттерді әлдеқайда күрделі жағдайда бір-екі онжылдықта шешу күнтәртібінде тұрды». Кейбір ортақ институционалдық сызбалармен қатар барлық президенттік институтты мынадай бір нәрсе біріктіреді: олардың бірде-бірі дайын, мінсіз немесе дамыған түрде пайда болған жоқ, себебі саяси өмірде дайын шешім жоқ. Бұл институттың ойдағыдай дамуы үшін, ең алдымен, президенттіктің берік конституциялық негізі мен кең көлемде қоғамдық-саяси қолдау қажет.

Қазақстан президенттік институт дамыған елдердің тәжірибесін мұқият зерделеу негізінде құрылды, ұлттық болмысымызға толығымен сәйкес келетін саяси құрал қалыптасты.

Көптеген сарапшылар Қазақстандағы президенттік институттың саяси құрылымы мен генезисін Франциядағы Бесінші Республикамен салыстырады, президенттің биліктің нақ ортасы болып, басқарудың жаңа нысанына ауысу - саяси дағдарыс пен жаңа жүйенің құрылымдық дағдарыстан шығудың жолын таба алмаған кезде орын алып, елдің ұлттық жаңғыруы басталған еді. «Мен не бейберекетсіздік» - деп тіке жазған еді сол жылдары Шарль де Голль. Сонымен қатар, профессор М.Б.Қасымбековтің («Президенттік институт саяси жаңғырудың құралы ретінде») анықтамасына сәйкес Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та «нақты мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік даму жағдайына жауап беретін оңтайлы басқару нысанын» табу жолымен жүрді, мұны «ұлттық табыс» деп атамасқа болмайды.

Тарихта Шарль де Голльдің «Талант - жауапкершіліктің синонимі» - деген тағы бір нақыл сөзі қалыпты. Қазақстандықтардың жолы болды: Отанымыз үшін күрделі кезеңде миллиондаған қазақстандықтардың тағдыры үшін жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев осындай таланттың иесі еді.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Президент қызметіне сайлаған Нұрсұлтан Назарбаев, өзінің 1990 жылғы 24 сәуірде сөйлеген сөзінде «Президенттің қызметі – өзінің мәні бойынша бүкіл халық мүддесінің жиынтық көрінісі деуге болады. Ал халықтың жасампаз еңбегі – пәрменді президенттік биліктің негіздерінің негізі», - деп атап өтті.

КСРО-ның сарқыншағы және өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы жағдайдың күрделілігі Н.Ә.Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы» атты кітабында нақты сипатталған: «... экономикалық және әлеуметтік бейберекеттікті күшейтетін әрекеттердің қай-қайсысы да күні ертең-ақ бәрін де сыпырып-сиырып тып-типыл етіп кететін орасан зор зардапты дауылға душар ететіндігін ұдайы еске салып, сақтандырып отыруы тиіс. Мұндай да жағдайдың болуын мойындамасқа лаж жоқ. Ал, оның бетін аулақ ету үшін бір ғана саясат - салауатты ақыл-парасатқа  толы саясат керек». Сондықтан Елбасы таңдаған саясаттың нәтижесі бірегей.

Біріншіден, бұл Хельсинки актісінің тұжырымы аясында барлық аумақ бойынша мемлекеттік шекара мәселелерінің құқықтық реттелуі. Ұлыбританияның танымал жазушысы және қоғам қайраткері Джонатан Айткен осы жұмыстың нәтижелері туралы өзінің кітабында былай жазады: «Борис Ельцинмен қарым-қатынаста  дара дипломатияның таңғажайып маневрлерінен кейін» Ресеймен шекара мәселесін шешу қамтамасыз етілді; «осы жолы Назарбаев өзінің дара дипломатиясымен ҚХР төрағасы Цзянь Цземиньді таңдай қақтырды», нәтижесінде екі мемлекет шекара туралы екіжақты тарихи Шартқа қол қойды және ратификациялады». Сонымен қатар, мына басты игіліктерге қол жеткізілді: елдегі бейбітшілік пен тыныштық; ауқымды инвестициялар тартуға мүмкіндік берген қарқынды реформалардың заңнамалық негізінің құрылуы; орнықты демократиялық саяси жүйенің жасақталуы.

Н.Назарбаевтың тұлғасы уақыттың сын-қатерлері мен мемлекетті тиімді басқарудың құралы ретінде президенттік биліктің қазақстандық моделінің басты негізіне айналды. Оның негізі Тұңғыш Президент «Тарих толқынында» кітабында атап өткен ұтымдылықта: «...Әлбетте, демократия мен саяси бостандықтың баршаны қанағаттандыра алатын дәрежесі жоқ. Біз либералды модельдерді жедел көшірумен айналысқан жоқпыз, біз демократияға қарай аттаған әрбір қадамымыздың іргетасын мұқият дайындадық».

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың және еліміздің қазіргі Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың өзара  іс-қимылы – жоғары саяси мәдениеттің  көрсеткіші.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев негізгі жүйелі бағдар ретінде Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында, елдің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында және Ұлт жоспары – «100 нақты қадамда» белгіленген мақсаттар мен міндеттерді іске асыруды өзінің басты ұстанымы екендігін атап өтті.

Менің ойымша, барша әлем жаңа сынаққа ұшыраған кезінде Елбасының ағымдағы жылдың 8 сәуіріндегі Қазақстан халқына арнаған үндеуінің рухтандырушы күші ерекше маңызды: «Маған небір қиын-қыстау күндерде ешқашан намысын бермеген, қашанда бірлігі бекем, пейілі кең, құшағы ашық, бауырмал халыққа басшылық ету бақыты бұйырды. Сондықтан қазіргідей алабұртпа көңіл жағдайында дана да дархан халқыма – баршаңызға зор ризашылыққа толы осы сөздерімді жолдадым. Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз».

Біз тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасына топтасып, елімізді посткеңестік дағдарыстан шығарып, даму мен гүлдену жолына шығаруда оған қолдау көрсетсек, кез келген қиындық пен жаһандық сын-қатерлерді еңсерудегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл әрекеттеріне бірлігі жарасқан тұтас ұлт болып қолдай алатынымызға сенімдімін!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуының, ел тәуелсіздігінің, президенттік институттың дамуының нағыз тарихи иесі болып табылатын бірегей архивтік құжаттар сақталуда. Олардың арасында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолжазбаларының түпнұсқалары – оның тәуелсіздік алғанға дейін елді терең дағдарыстан шығару жөніндегі ойлары, тезистері мен жоспарлары жазылған дәптерше беттері ерекше орын алады. Бұл жәдігерлер Елбасының тұлғасы мен дарындылығының тереңдігін ерекше сипаттайды. Мен Сіздерді алдағы уақытта біздің экспозицияларымызды көріп, тәуелсіздік тарихымен тереңірек танысуға шақырамын!

 

Назарларыңызға рахмет, жақсы күндерде көрісейік!