2019 жылғы 17 маусым күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында «Әлеуметтік желідегі Елбасы кітапханасындағы үздік сурет» және «Әлеуметтік желідегі Елбасы кітапханасы туралы үздік жарияланым» номинациялары бойынша жарияланған #ЕlbasyКіtаphаnаsynаSapar ашық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бір атап өтерлігі, осыдан бірер ай бұрын Елбасы кітапханасының Баспасөз қызметі келушілерге әлеуметтік желілер арқылы Елбасы кітапханасынан алған әсерлерімен бөлісуге шақырған болатын.

Іздеу жүйесінің қорытындысы бойынша табылған 132 материалдың ішінен 55 жарияланым іріктелді. Ең көп лүпіл жинаған жарияланымдар – Instagram, Facebook қолданушыларының жұмыстары. Ерекше жарияланымдарымен көзге түсіп, топ жарған жеңімпаздарды Елбасы кітапханасы Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күнсұлу Исинова құттықтады. 

«Әлеуметтік желідегі Елбасы кітапханасынан үздік сурет» номинациясы бойынша І орын алған жеңімпаз ретінде 411 лүпіл мен 17 пікір жинаған Мейіржан Қалиев танылса, ІІ орынды ұжымдық материал жолдаған Нұр-Сұлтан қаласындағы № 63 орта мектептің 8 «Б» сыныбы иеленді.

Аталған сыныптың белсенді оқушысы Дарья Коваленко «Біз осы топты бірге құрдық, біріміз суретке түсірсек, басқаларымыз – жарияланымдар жаздық. Өте қызықты болды», - деді.

Ал,  ІІІ орынға «ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайты лайықты деп танылды, марапаттау рәсіміне Нағашыбай Қабылбеков қатысты. 

«Әлеуметтік желідегі Елбасы кітапханасы туралы үздік жарияланым» номинациясы бойынша І орын алған жеңімпаз болып 296 лүпіл мен 42 пікір жинаған Әнуар Жұмабеков танылды. 

Жеңімпаз: «Елбасы кітапханасының сайтына жиі кіремін, жаңалықтарды байқап отырамын. Сіздер ұйымдастырған барлық конкурстар мен іс-шараларға қатысуға тырысамын. Елбасы кітапханасының басшылығына алғысымды білдіргім келеді», - деді. ІІ орынды Тараздан келген Аяулым Битай иеленді.

Ал, ІІІ орынға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Мұзбалақ» бірлестігі лайықты деп танылды. 

Жоғарыда аталған жеңімпаздардың барлығына бағалы сыйлықтар мен Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжановтың атынан жеңімпаз сертификаттары тапсырылды.

Өз кезегінде, Алматы қаласынан арнайы келген М.Қалиев барлық жеңімпаздардың атынан ұйымдастырушыларға тың идея мен конкурс өткізгендері үшін алғысын білдіріп, Елбасы кітапханасымен алдағы уақытта «байланысын үзбей» одан әрі белсенді ынтымақтастыққа дайын екендігін жеткізді.