Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Президенттік институт – Қазақстан Республикасы саяси жүйесін жаңғыртудың негізі» дөңгелек үстелі өтті.

Іс-шара мақсаты – демократиялық мемлекет құрудағы президенттік институт маңыздылығын көрсету және Қазақстан Республикасы саяси жүйесінің негізгі элементі ретінде президенттік институттың қалыптасуы мен қызметіне қатысты білім кеңейту.

Дөңгелек үстелге мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасындағы шет мемлекеттердің елшілері, отандық және шетелдік ғалымдар, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, сарапшылық қауымдастықтың өкілдері, т.б. қатысты. Олар президенттік институттың қалыптасуы мен дамуындағы Н.Назарбаевтың рөлін; конституциялық реформаларды жүргізу контекстінде Қазақстан Республикасындағы саяси жүйені институциялау мәселесін талқылап, «Президенттік институт – этносаралық және конфессияаралық келісім мәдениетін сақтаудың және қазақстандық қоғамның рухани дамуының негізі», «Елбасының сыртқы саяси бастамалары – Қазақстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуші және оның халықаралық мәртебесі мен беделін көтеруші фактор» тақырыптарын ортаға салды.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова қатысушылар алдына «Қазақстан Республикасының саяси қайта құрылысы аясындағы президенттік институт» атты баяндамасымен шықты.

– Еліміздегі президенттік институт тарихымыздың күрделі кезеңінде қалыптасты. Кеңестік белгілерге ие саяси билік қоғамның алпауыт күшін тыя алмай, тарихи даму үдерісі саяси жүйенің жаңғыруына талап қойды. Даму жолының бірнеше кезеңін бастан кешірген президенттік институты қисындығы мен сұранысқа ие екенін дәлелдеп, қалыптасқан тарихи оқиғаға бейімделе алатынын көрсетті. 1995 жылы Конституция негіздерінен бастау алған даму жолы 90 жылдардың соңында, 2007 жыл мен 2017 жылдың басында  конституциялық өзгерістермен жалғасты. Осы орайда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев қалыптастырған басқару тәртібі мен мемлекеттік құрылыс моделі – Қазақстан қоғамы саяси дамуының ең тиімді нұсқасы екені дәлелденді. Ал экономикалық дағдарыс пен әлеуметтік жағдайдайдың қиын-қыстау кезеңінде Қазақстанның бейбіт дамуы бұл деректерді айғақтай түседі. Президенттік институт пен елдегі ахуалға деген Елбасының жеке жауапкершілігі арқасында Қазақстан біржола құлдырау мен бейберекеттіктен, әскери қақтығыстар мен түрлі төңкерістерден аман қалды, - деді Ботагөз Мұттахиденқызы.

– Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін құрамында болған республикалар барлық салалардың сын-тегеуріндері мен қауіп-қатерлеріне тап болды. Осы тұста демократия мен басқарудың республикалық үлгісін таңдау маңыздылығы туды. Алайда мәселе республиканың сипатын (президенттік, парламенттік, аралас) анықтауға келіп тірелді. Посткеңестік кеңістіктегі көптеген елдердің президенттік басқаруды таңдауына тарихтың өзі де, сол кезеңге тән менталитет пен құбылыстар да себепші. Мұндай таңдау Ресейде де, Қазақстанда да жасалды. Президенттеріміздің жетекшілігімен елдеріміз қол жеткізген жетістіктерге қарап, таңдаудың дұрыс жасалғанын бүгінде нақты сеніммен айта аламыз. Қос мемлекет басшыларының мақсатқа бағытталған сыртқы саясаты арқасында, Ресей де, Қазақстан да ішкі саясат тұрақтылығына, экономиканың қарқынды дамуына, әлеуметтік әл-ауқат пен туу көрсеткішінің жоғарылауына қол жеткізіп, әлем алдында зор абыройға ие болды, - деп Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Н. Бородавкин белгіледі.

Қазақстан Республикасындағы Әзербайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Р.Э. Маммадов өз баяндамасында Әзербайжандағы президенттік институт жөнінде сөз қозғады. Беларусь Республикасындағы президенттік институт жөнінде аталмыш елдің Қазақстан Республикасындағы Беларусь Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі А.И. Ничкасов сөйледі.

Экономика ғылымдарының докторы, ҚР Ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының академигі Өмірбек Байгелді Қазақстан Республикасындағы президенттік институттың қалыптасу тарихына тоқталды. Заң ғылымдарының докторы, ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі Әлібек Темірбеков еліміздегі конституциялық бақылаудың құқықтық негіздерін жетілдіру бойынша баяндама оқыды.