Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап Елбасы кітапханасы өткізіп келе жатқан «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің аудиториясы тағы кеңейді. Кітапхананың жетекші ғылыми қызметкерлері дайындаған жаңа оқу бағдарламасын бұл ретте Республикалық оқу-әдістемелік семинардың қатысушылары меңгермек.

Үш күндік оқу-әдістемелік семинарды педагогикалық шеберлікті арттырып, білім беру үдерісіне заманауи әдістерді тиімді енгізу арқылы озық тәжірибелерді көрсету мақсатында ҚР БҒМ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізеді.

Семинар-тренинг барысында еліміздің барлық облысынан келген 80 педагог Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкерлері өткізетін дәрістерді тыңдап, тренингтер мен практикалық жаттығуларға, пікірсайыстарға қатысты. Олардың назарына танымдық экскурсиялар да ұсынылды.

– Бүгінгі күн әсерге толы болды. Сәулеті көз тартарлық зәулім сарайдың табалдырығын аттаған сәттен бері, әлі де аң-таңбыз. Экскурсия жүргізушілері бұрын-соңды білмейтін бірегей жәдігерлермен таныстырды. Олармен тарих беттерін парақтаған соң, танымдық дәрістерге қатыстық. Дәріс барысында мазмұнды, қызықтырарлық үлгіде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жөнінде деректер келтірілді. Қазір мектебіміздегі іс-шаралардың барлығы аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру аясында өтіп жатыр. Орыс тілі мұғалімі және директордың тәрбие жөніндегі орынбасары ретінде, бұл тақырыпқа сұранысым әлдеқайда жоғары. Елбасы кітапханасындай киелі жерге келіп, оның ұйымдастыруымен өтетін семинар-тренингке қатысқаныма өте қуаныштымын, - деді Тайынша ауданы Чермошня орта мектебі директорының орынбасары Галина Холодова.

Алматы қаласы №165 мамандандырылған мектебі, қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Сәуле Есжанова да бізбен әсер бөлісті:

– Оқу-әдістемелік семинарымыздың екінші күні Елбасы кітапханасында өтіп жатыр. «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингінің аясында біз тың әрі мазмұнды ақпаратқа қол жеткіздік. Тренингтерге қатысу арқылы әріптестерімізбен жақын танысып, ой-тәжірибе алмастық. Дәріскерлерге пайдалы ақпарат үшін ризашылығымызды білдіріп, сол ақпаратты жадымызға бекітуге себеп болған бапкерлерге алғысымызды айтамыз. Алған білімімізді алдағы қызметімізде белсенді қолдансақ дейміз, - деп сөзін түйіндеді ол.

Естеріңізге салсақ, былтыр, маусым айында «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді оқытудың заманауи үрдістері» республикалық оқу-әдістемелік семинарының қатысушылары Елбасы кітапханасының «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» бағдарламасы бойынша оқу курстарынан өткен болатын.