«ЕЛІН СҮЙГЕН ЕЛБАСЫ». ЕЛБАСЫНЫҢ ЕҢБЕКТЕРІНЕ АРНАЛҒАН ҮЗДІК МУЗЕЙЛІК САБАҚҚА ОНЛАЙН-БАЙҚАУ БАСТАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбектеріне арналған Назарбаев Зияткерлік мектептері мұғалімдері арасында үздік музейлік сабаққа республикалық онлайн-байқау жариялайды. Байқаудың мақсаты - мемлекеттің қалыптасуы, Тәуелсіздік алу, Қазақстанның халықаралық кеңістікке интеграциялануы, елдің экономикалық және мәдени жаңғыруы, тұрақты дамуын нығайту жолындағы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тарихи рөлін ашу.

Сонымен қатар, байқау педагогикалық қоғамдастықты қолдауға, дарындылықты анықтауға, осы сала мамандарының білімі мен тәжірибесін жетілдіруге, сондай-ақ, заманауи музейлік-педагогикалық әдістер мен оқыту технологияларын өзектендіруге бағытталған.

Байқау шартына сәйкес қатысушылар комиссияның қарауына сабақтың, сыныптан тыс сабақтың сценарийлерін жолдауы тиіс. Жұмыстарды қарау барысында оқу үдерісінде заманауи музейлік-педагогикалық технологияларды, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасының тақырыптық экспозияциялар материалдарын, музейлік, өлкетану зерттеулері және басқалары негізінде деректерді қолдану сынды критерийлерге баса назар аударылатын болады.

Байқауға қатысу үшін өтінімдер мен материалдар 2020 жылғы 4 мамыр мен 1 маусым аралығында қабылданады. Толық ақпаратпен, сондай-ақ Байқау ережесімен Елбасы кітапханасының www.presidentlibrary.kz сайтында танысуға болады.