ЕЛОРДАЛЫҚ КІТАПХАНАШЫЛАР ТАРИХИ САНАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚАҒИДАЛАРЫН ОРТАҒА САЛДЫ

26 қарашада «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессоры Ғазиз Телебаев «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында дәріс жүргізді. Оны тыңдауға бас қала мектептерінің кітапханашылары келді.

– Елбасы мақаласына негізделген дәріс тарихи санамызға ықпал етудің жеті ережесі қарастырылады. Ұлттық тарих уақыт пен кеңістік ұштасқан жерде туады. Мәдениет жетістіктерінің басым көпшілігі көшпенділерге тиесілі екенін ұмытпаған абзал. Себебі, түркі өркениеті көшпенділердің атүсті өмір салты мен қала мәдениетін ұтымды үндестіре алды, - деді Ғ.Телебаев.

Дәріс барысында ол салт аттылар мәдениеті мен Қазақстанның көне металлургиясы, Алтын адам мен Ұлы жібек жолы сияқты тақырыптарға тоқталды.
Тыңдаушылар бір қатар сауалдарын қойып, адамның тарихи санасы бала кезінен қалыптасуы тиіс екенін бір ауыздан айтты. Осы тұста олар тарихи бағытта балаларға қызық болар кітап, мультфильм, кино өнімдерін шығарудың қажеттілігін белгіледі.