ЕРЛАН ҚАРИН: СИРИЯНЫҢ СОҒЫС АЙМАҒЫНДА БҮЛДІРШІНДЕР ҚАЛМАУЫ ТИІС

Елу мемлекеттің 73 мыңнан астам азаматы Сирияның шет аймағында елге оралуын зор үмітпен күтіп отыр. Төртке жуық мемлекет қана отандастарын тұтқыннан босатуға бар күшін сала алады. Бұл туралы болашақ журналистер мен саясаттанушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин баяндап берді. Белгілі саяси және қоғам қайраткері бүгін «Media Meiman» атты Елбасы кітапханасы жобасының қонағы болды.

Лаңкестікпен күрес саласының тәжірибелі сарапшысы Ерлан Қарин – Сирия майданынан жүздеген қандастарды, балалар мен әйелдерді, тұтастай отбасыларды қайтаруға жауапты «Жусан» операциясының белсенді қатысушысы, кеңесшісі.

Аталмыш ұйымның мамандары мамыр айының мерекелік күндерінде азаматтарды елге қайтару бойынша екінші операцияны қолға алды. Оның біріншісі қаңтар айында өткен болатын. Ерлан Қарин Сириядан қайтқан отандастарымыздың жағдайымен бөлісті.

– Әуелі бұл жандарға медициналық көмек көрсетіледі. Көптеген балалар ауыр жарақат алған. Мәселен, екі жасар жетім қыз жарылыс кезінде үш саусағынан айырылып қалды. Қолына шөлмек беріп едік, қатты шөлдегеніне қарамастан бір жұтым су ішті де қойды. Тұтқында баспанасыз, тамақсыз күн көрген соң су үнемдеп үйреніп қалған ғой. Бұл бүлдіршіннің үрейін басып, бейбіт жерге келгенін түсіндіру үшін біраз еңбек етуге тура келді.

Мейман елге оралған әйелдердің көбі қосымша курстарға барып, қызмет көрсету саласының маманы ретінде жұмысқа орналасып жатқанын айтты.

– Сирияның шет аймақтарынан елге оралуды 73 мыңнан астам адам күтіп отыр. Алайда 50 мемлекеттің ішінен санаулысы ғана бұл істі қолға ала алады. Солардың бірі – жүздеген адамды отанына қайтарып жатқан Қазақстан... Өзге елдердің өзара кикілжіңі көп болғандықтан, азаматтарын қайтару қолынан келмей отыр. Ал бүкіл елдермен бейбіт байланыс орната алған Қазақстан бұл қадамын алғаш басып жатқан жоқ, - деді ол. Ерлан Қарин әлемнің ең беделді құқық қорғау ұйымы, АҚШ-тағы Human Rights Watch сарапшыларының Қазақстан іс-қимылдарына жоғары баға беретінін мәлімдеді.

Кездесу барысында жастар қонаққа сауалдарын қойды. Олар Ерлан Қарин мен танымал актер Джеки Чанның достығына қызығушылық білдірді. Шытырман фильмдердің кейіпкерін елімізге шақыру идеясы 2017 жылы, елордада ЭКСПО өтіп жатқан кезде пайда болғаны анықталды. Ерлан Тынымбайұлы аты аңызға айналған Джеки Чанның ұсынысқа екі аптада келісім бергенін айтты. Бұл – жұлдыздардың әлемінде сирек кездесетін жағдай.

– Әу баста жоспарымыз Джеки Чанды бір шараға шақырумен шектелген  болатын. Аяқ асты үйілген ұсыныстардың бәріне ол кісі қуана келісімін берді. Сыйлы қонақ еліміздің табиғатына сүйсінгенін жасырмай, кең-байтақ жеріміздің кез келген жанрдағы фильмді түсіруде таптырмас локация болатынын белгіледі. Осылайша бірлескен жобамен кино түсіру идеясы туды. Оның сценарийі бүгінде дайын. Түсірілім жұмыстарына жақын арада кірісеміз деген үміттемін, - деп Ерлан мырза шығармашылық жоспарларымен бөлісті. 

Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов жастармен мазмұнды сұхбат құрғаны үшін Ерлан Қаринге алғыс білдірді. Кездесу қонағына ол «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабы мен Назарбаев орталығының фотоальбомын табыс етіп, лаңкестікпен күресте Е.Қариннің зор еңбегін атап өтті.

– Діни фанатизмге ұрынған адамдар соғыстың ортасында жүріп лаңкестіктің мәнін түсінеді. Алайда елге оралғанның өзінде олардың кейбірі лаңкестік идеяларды туған жерде таратуды көздейді. Бұл құбылыстарды анықтау, ондай адамдармен жұмыс істеп, олардың ойлау қабілетін қалыпқа келтіру Ерлан Қарин сияқты тәжірибелі мамандардың арқасында ғана жүзеге асады, - деді Ә. Рахымжанов.

Кездесу соңында саясаткер Сирия тұтқынында 300-ге жуық әйелдер мен балалардың қалғанына байланысты лаңкестікпен күресетін қазақстандық ұйымдардың жұмысы жалғасатынын мәлімдеді. «Сирияның соғыс аймағында бүлдіршіндер қалмауы тиіс. Балалар біздің болашағымыз. Оларды қорғау үшін біз өз тарапымыздан барлық шараларды қолданамыз», - деді Ерлан Қарин.