6 мамыр күні Елбасы кітапханасында Жеңіс күніне арналған «Ешкім де ештеңе де ұмытылмас» іс-шарасы өтті.

Іс-шараға Генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі мен астаналық колледждерінің оқушылары, Ұлы Отан соғысы тарихын зерттеп жүрген ғалымдар  қатысты. 

Кездесуді ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова төмендегідей атап өтті:

- Елбасымыз сөйлеген сөздерінің бірінде былай деген болатын: «Біздің ардагерлерге деген құрметіміз олардың ұлы ерлігінен кем түспеуге тиіс. Жеңіске ең алдымен еліміздегі барлық халықтың бірлігінің, бауырмалдығының және достығының нәтижесінде қол жетті. Біз қазір де осы ұранмен өмір сүріп келеміз». Бүгінгі кездесуге жастар, жасұландықтар қатысып отыр. Бүгінгі ашық аспанға, тәуелсіздігімізге жол салғандар үшін осы естелікті сақтап қана қоймай, одан әрі өскелең ұрпаққа жеткізу - біз үшін аса маңызды.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих пен этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов біздің елімізден майданға кеткен жауынгерлердің батылдығы мен ержүректілігін атап өтті.

- Қазақстандықтар майдан шебінде батырлықпен шайқасты, олардың 500-ден астамы Кеңес Одағының батыры атанды. Курск түбінде өткен Украина, Белоруссия, Батыс Еуропа елдерін азат ету жолындағы шайқаста мыңдаған отандастарымыз ерлікпен қаза тапты, - деді З.Қабылдинов.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Аслан Әзербаев 10 жылдан астам оқытушылық қызметпен айналысуда. Ол тарихымызды пән ретінде зерделеуге студенттерді қызықтыру үшін теориямен қатар оқудан тыс уақытта әртүрлі тарихи дәуірлер бойынша көркем фильмдерді көруге қатыстырады.

«Бұл студенттерді кинокартиналардағы шынайылық пен қиялды ажырату мақсатында ізденіске тартады. Олар архивтік құжаттарға, оқулықтарға, естеліктерге, әртүрлі дереккөздерге жүгінеді. Кинематограф ғылыммен бірге адамдарды білімді етеді», - деп, қорытындылады А.Әзербаев.       

«Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушісі Ұлан Ердесов те кездесуден алған әсерімен бөлісті:

- Біз сол бір сұрапыл соғыс туралы көптеген жәйттерді білмейміз. Майдангерлеріміздің қандай қасіретті бастарынан кешіргенін кітаптар арқылы да толық білу мүмкін емес. Бүгінде ардагерлеріміз арамызда азайды. Олардың алдында, ең бастысы майданнан оралмағандар боздақтар алдында біз мәңгілік қарыздармыз.

Іс-шара аясында Ұлы Отан соғысы оқиғасы туралы мынадай көркем фильмдерден үзінділер көрсетілді: «Тройной прыжок пантеры» (Пантераның үш айнала қарғуы), «Они сражались за Родину» (Олар Отан үшін шайқасты), «Гу-Га», «28 панфиловцев» (28 панфиловшылар) көркем фильмдері көрсетіледі. Ғалымдар мен жастар өкілдері ойталқы өткізді. Онда Ұлы Отан соғысындағы кеңес халқы жеңісінің тарихи маңызы, оның ішінде қазақстандықтардың үлесі, сондай-ақ жаңа ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеудегі соғыс пен жауынгерлердің ерліктері туралы көркем киноның рөлі талқыланды.