Үстіміздегі жылдың 6 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасында Астана қаласының «№47 балабақша-мектеп-гимназия» кешенді мемлекеттік мекемесінің 9–11 сынып оқушыларына «Еуразия жүрегінде» экскурсия мен танымдық дәрісі өткізілді.

Елбасы кітапханасының экспозициясымен және көрмелерімен таныстыру экскурсияларынан кейін Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші сарапшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Күнсұлу Исинова жоғары сынып оқушыларына елордамыздың 20 жылдығына арналған дәріс өткізді.

Астана туралы қызықты дәріс интерактивті үстелдердің көмегімен өткенін ерекше атап өтуге болады. Ерекше архив құжаттары, фото-және бейнематериалдар Астананың өткені, қазіргісі мен болашағы жайлы баяндайды. Оқушыларды VIII ғасырда Қазақстанның қазіргі елордасының орнында ежелгі Бозоқ қаласы болғанын дәлелдейтін ғалымдардың археологиялық зерттеулерінің нәтижелері қатты қызықтырды.

Бозоқ қалашығының аумағына кесенелердің шоғырланғанынан оның орта ғасырда рухани орталық болғанын байқауға болады. Бозоқта Ұлы Жібек жолының бір тармағы қиылысқан жерде орналасқандықтан көптеген қолөнер мен сауданың түрлері дамыған және әкімшілік биліктің орталығы болған. Олай болса, бұл өңір ежелгі дәуірден бастап маңызды экономикалық орталық болғаны сөзсіз.

Тыңдаушылар Астана құрылысының сәулеттік тұжырымдамасын түсіндіргенде ерекше ықыласпен тыңдады.

Шараның соңында жас қонақтар экскурсия жүргізуші мен дәріскерге алған білімдері үшін алғыстарын білдірді.