ЕУРОПАНЫҢ КӨНЕ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АЛМА МЕН ҚЫЗҒАЛДАҚТЫҢ ОТАНЫ ТУРАЛЫ БАЯНДАМА ОҚЫЛДЫ

Румынияның Клуж-Напока қаласында 1562 жылы негізі қаланған Еуропаның ең көне оқу орындарының бірі Бабеш-Боайи атындағы университетте Клуж славистикасының 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми симпозиум өтті. Іс-шараға Елбасы кітапханасының атынан жетекші ғылыми қызметкеріміз, тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердағұлова қатысты.

С.Бердағұлованың баяндамасы «Қазақстан: келісім аумағы және және мәдениет аралық байланыс» тақырыбында болды. Қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық бірліктің қазақстандық феномені, оны қамтамасыз етудің факторлары, мәдениет аралық үндестік стратегиясын қолдауы бойынша Тұңғыш Президент кітапханасының қызметі тыңдаушыларды ерекше қызықтырды. Бұл Финляндия, Польша, Мажарстан, Украина, Ресей, Болгария, Италия ғалымдары үшін жаңа парадигманың таңғаларлық тәжірибесі іспетті: көп мәдениетті қоғамда өзара келісімді сақтау сынды күрделі міндетті кешенді, тривиал емес тәсілдер арқылы шешу.

Симпозиум аясында Бабеш-Боайи университеті жанындағы Түркітану институтында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған С.Бердағұлова негізгі баяндама жасауға шақырылды. Ағылшын тілінде жасалған баяндамада ол тарих пен бүгінгі күннің көріністерін, адамзат дамуындағы алма мен қызғалдақтың, жылқыларды қолға үйрету өнерінің отаны болып табылатын Қазақстанның, қазақтардың рөлі мен үлесі туралы айтқандары кездесудің көптеген қатысушылары үшін тың жаңалық болды.

Әлемдік қауымдастықта Қазақстанды замануи және табысты мемлекет ретінде таныту, Ұлы дала елінің құндылықтары мен жетістіктерін ілгерілету, сондай-ақ Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың «Жаһандық әлемдегі қазақстандық мәдениет» атты  жобасын жүзеге асыруға үлес қосу Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің басты міндеттері болып табылады.