ҒАЗИЗ ТЕЛЕБАЕВ: «ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ ТАМЫРЫ ТҮРКІ ФИЛОСОФИЯСЫНДА ЕКЕНІН ҰМЫТПАУЫМЫЗ КЕРЕК»

Қыркүйектің 19-21 күндері Бішкек қаласындағы «Манас» университетінде (гуманитарлық  факультетінің философия кафедрасы) ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасы мен Түркияның Бейбурт және Ахи Эвран университеттерінің  бірлесе ұйымдастыруымен «Түркі елдерінің философиялық мұрасы» I халықаралық симпозиумы ѳтті. Шараға Орталық Азия аймағынан және басқа да жер-жүзінің әр қиырынан келген 100ге жуық философия ғылымының белді өкілдері, танымал ғалымдар қатысты. Үш күнге созылған симпозиум түркі дүниесінің рухани мұрасына заманауи көзқараспен қарап, жаңа деңгейге шығаруды мақсат тұтты. Ауқымды шараға ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының әлеуметтік және гуманитарлық-білім беру жобалары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ғазиз Телебаев қатысты. Ғазиз Тұрысбекұлы сапардан кейінгі ойларын былайша түйіндеді.    

 

Симпозиумнан қандай әсермен оралдыңыз?

Алған әсерім мол.  Қырғызша айтқанда бұл бірінші «эларалық», яғни түркі халықтарының философиясына арналған халықаралық симпозиум. Расында да түркі философиясына арналған мұндай деңгейдегі симпозиум бұрын-соңды болмаған. Сонысымен де маңызы жоғары. Былтыр Елбасы кітапханасында «Бірегейлік пен бірлік: Қазақстандық жол және Нұрсұлтан Назарбаевтың үлгісі» конференциясы өткені есте. Сол конференцияға қатысқан қырғыз әріптестер біздің мекеменің зор әлеуетін көріп, бізге осындай симпозиумды бірлесе ұйымдастыруға шақырды. Біз әрине келісім бердік. Өйткені, кітапханамызда түркі философиясына қатысты тың ойлар айта алатын біраз философ жұмыс істейді. Осылайша тек қырғыз-түрік «Манас» университеті ғана емес, бір-екі Түркияның университетімен Елбасы кітапханасы да ұйымдастырушы  қатарында болдық. Кітапханамыз атынан құттықтау сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға кітап сыйладым. Біздің ұйымдастыруға қосқан үлесіміз де осы болды.

 

Осы симпозиумда түйіп алар қандай  ойлар айтылды?

Соның бірі - түркі философтарының Қауымдастығын құру идеясы. Зерттелмеген тың тақырыбы мол бұл саланың болашағы да зор.  Бізде мәселен, осы сияқты түркі әлеуметтанушыларының қауымдастығы бар. Оған кезінде Қазақстан тарабы бастамашы болған. Осы жолы қырғыздар ұсыныс білдірді. Барлығы да түркі елдерінің философиясын қазір терең зерттеу үшін мұндай қауымдастық керек деген ойға келісті. Мысалы, Қожа Ахмет Яссауидің, Жүсіп Баласағұнның, Махмұт Қашқаридің еңбектерін, «Кодекс Куманикус» болсын, барлығының да әлі де зерттей түсетін тұстары  жетерлік. Мен өз баяндамада айтқанымдай, «Орхон-Енисей» жазуларынан бастау керек. Ол жазулар бізде зерттелгенімен, философиялық мәні әлі де толық ашылған жоқ деп есептеймін.

 

Симпозиумда қандай тақырыпта баяндама жасадыңыз?

Баяндамамның тақырыбы - тәңір категориясы. Тәңір категориясы Орхон-Енисейден бастау алады. Сонымен қатар, тәңір категориясы Әмір Темірдің жазбаларында да бар.  Ол жазуды Қазақстанда отызыншы жылдары академик Сәтпаев тапқан болатын. Ал, оған дейін Тәңір ұғымы түркі жазбаларында қалай көрініс тапты? Ғалымдарды осы жағы қызықтырады.  Енді қауымдастық немен айналысады? дегенге оралсақ. Мәселен, түркі философиясынан оқулық, хрестоматия, түркі философтарының еңбектерін жазуға ғалымдарды жұмылдыру. Оның себебі бар. Көне замандарда өмір сүрген оларды  біз көбіне философ деп емес, тарихшы, зерттеуші, әдебиетші, фольклоршы, әйтеуір тілге қатысты бар маман дей саламыз. Ал, олар терең философияға қатысы бар тұлғалар. Мәселен, Қорқыт баба кітабын алайық. Ол жерде тарихи деректер ғана емес, философиялық терең ойлар молынан. Ғалымдар міндеті - соны ашу. Содан соң, екінші ұсыныс - қауымдастық құрылған соң, Бішкекте, қырғыз-түрік «Манас» университетінде өткен симпозиумдарды жалғастыру. Ендігі 2-3 жылдан кейін Түркиядағы университеттерде өткіземіз. Ол жағын әлі ақылдасып жатырмыз. Одан арғы  2-3 жылдан кейін Қазақстанда өткізуге ұсыныс түсірдік.

 

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысы қандай болмақ?

Біз әлбетте ғылыми конференция өткізуді жалғастыра береміз. Одан өзге, түркі философиясы және ұғымдарына қатысты монография шығару келесі жылдың жоспарында тұр. 4-6 жылдан кейін Түркі философиясының III симпозиумы Астанада өтсе және Елбасы кітапханасы соған бастамашы болса деген ойымыз да бар.  Бұл өте тамаша болар еді.

Сұхбатыңызға рахмет.

 

Әңгімелескен Қанат Әуесбай