2018 жылдың 16 мамырында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Еліне жол ашқан» кітабының тұсаукесері өтті. Қазақ тіліне аударылған аталмыш кітап әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Алирза оглы Алиевке арналады.

Аталмыш кітаптың тұсауы Әзербайжан көшбасшысының 95 жылдығына орай кесілді. Басылымның алғы сөзін Гейдар Алиевпен тамыры терең достықта болған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жазған.

Кітапта ірі саясаткер, әлемдік деңгейдегі қайраткер Гейдар Алиевті жеке таныған мемлекет және үкімет басшыларының, сыртқы істер министрлерінің, Әзербайжан басшылығы мен көптеген шетел көшбасшыларының, әлемге белгілі саясаткерлердің, экономисттер мен бизнес құрылымы жетекшілерінің естеліктері келтірілген. Сонымен қатар, оның беттерінде КОКП ОК Саяси бюросының бұрын құпияда сақталған құжаттары мен суреттері ұсынылған.

Басылым Әзербайжан тарихын ерте заманнан бастап суреттеп, өз халқының біртума ұлы Гейдар Алиевтің саясат алаңына шыққан кезеңіне дейін сипаттайды. Аталмыш кітап табиғатының қалыптасуына отбасы тәрбиесі мен ата-ана даналығы ықпал еткен қайратты, мақсатқа ұмтылған тұлғаның бейнесін ашады.

Туындыдан «қайта құрылыс» дәуіріндегі Гейдар Алиевтің саяси еркі мен азаматтық ұстанымы айқын көрініс тапқан. «Еліне жол ашқан» кітабы тұңғыш мемлекет басшысының феноменін, егемен елдің жаһандық мақсаттары тұрғысынан оның ең елеулі, күрделі мәселелерін шешудегі кемеңгердің таптырмас алғырлығын баяндайды.

Кітап авторларының айтуынша, Гейдар Алирза оглының өмірбаяны Әзербайжан мемлекеттілігінің құрылу тарихы мен әзербайжан халқының тағдырымен тығыз байланысты.

– Таулар алыстаған сайын биіктей беретін болса, үлкен тұлғалар да арамыздан ұзаған сайын асқақтай түседі. Әзербайжан халқының ғана емес, жалпы түркі әлемінің бетке ұстар азаматына айналған Гейдар Алиев те сондай заңғар тұлғалардың бірі еді. Енді бой көтеріп келе жатқан тәуелсіз Әзербайжан Республикасы 1990-1993 жылдары аса ауыр саяси дағдарысқа душар болды. Мемлекетті сол қиындықтардан Гейдар Алиевтің алып шыққаны баршаға мәлім. Ол Отанының тәуелсіздігін нығайтып, оны дамудың даңғыл жолына салып кетті. Сондықтан, әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Алиев туралы кітаптың қазақ тіліне аударылып, Елбасымыздың алғысөзімен жарық көруі – бауырлас екі елдің рухани өміріндегі тағы бір елеулі оқиға. Осы орайда «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты Елбасымыз туралы кітапты әзербайжан достарымыздың өз тілінде басып шығарып, тұсаукесерін дәл осы жерде өткізгенін ризашылықпен еске аламыз. Мұндай игі істер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Гейдар Алиев Қоры арасындағы серіктестік байланыстың жемісі екені хақ, - деп іс-шараны Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы –Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков ашты. Жаңа басылым редакция алқасының жетекшісі Махмұт Базарқұлұлы қатысушыларды әзербайжан халқы біртума тұлғасының 95 жылдығымен құттықтады.

– Әзербайжан халқының атынан қазақ еліне, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевқа алғыс білдіремін. Бүгінгі іс-шара мемлекеттеріміз арасындағы достық, саяси қарым-қатынастардың нығая түсінуіне ықпалын тигізері сөзсіз, - деді Әзербайжан Президентінің қоғамдық-саяси сұрақтары бойынша көмекшісі Али Гасанов.

– Гейдар Алиевтің 95 жылдығына орай қазақ тілді кітаптың жарық көруі біз үшін маңызы зор оқиға. Гейдар Алиев – түркі әлеміне ортақ  кемеңгер тұлға. Ол – түрлі мәселелерде елімізге әрдайым қолдау көрсеткен көрнекті мемлекет қайраткері, әрі әлемдік дейгейдегі саясаткер. Ұлы тұлға туралы кітаптың «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер үшін таптырмас оқу құралына айналатынына сенімдімін, - деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Халықаралық түркі академиясы ұйымының президенті Дархан Қыдырәлінің сөзінше, Елбасы кітапханасында тұсауы кесілген кітап қос мемлекет арасындағы достықтың нышанына айналды. Оның бұл сөздерін қазақ тілді басылымға Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жазған алғысөзі дәйектей түсті. Дархан Қуандықұлы кітаптың жарық көруіне септік тигізген Махмұт Қасымбеков пен Али Гасановқа алғысын білдірді.

Тұсаукесер рәсіміне Әзербайжан Парламентінің депутаты, «Әзербайжан-Қазақстан» парламентаралық достық тобының төрағасы Әділ Әлиев, Әзербайжан Парламентінің депутаты, «Әзербайжан-Қазақстан» парламентаралық достық тобының мүшесі Низами Джафаров та қатысты.

Іс-шара барысында Гейдар Алиев туралы фильмнің көрсетілімі мен Елбасы кітапханасының Музейі бойынша экскурсия өтті.