Халықаралық Сократ жүлдесін иемденіп, әлемнің үздік оқу орны атанған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің 50-ге жуық өкілі Назарбаев орталығында сап түзеді.

Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары, докторанттары және профессор-оқытушылар құрамы Елбасы кітапханасы ұйымдастырған «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингіне қатысты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, әскери құрылымдар мен әскери кадрларды даярлайтын еліміздегі бірегей білім ордасы. Оның дәлелі, үстіміздегі жылдың сәуір айында Лондонда өткен халықаралық Сократ жүлдесін ресми түрде табыстау рәсімінде  Оксфорд академиялық кеңесі Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетін әлемнің үздік оқу орындарының бірі ретінде таныды.

Университеттің  құрылымдық бөлімшесі болып табылатын кітапханасы 1998 жылы құрылған. Бұл кітапхана жоғары оқу орнындағы ұжымдық, мәдени және зияткерлік ортаның қалыптасуына күш салып, тұтынушыларды ақпараттық қамтамасыз етуді, электронды қорларға қолжеткізуді жүзеге асырады. Дәстүрлі семинар-тренингке қатысушылар Елбасы кітапханасындағы кітап қорымен де танысып, мол мағлұмат алды.

– Өзім кітап оқығанды жақсы көремін. Біздің оқу орнында да жаңа технологиялармен жабдықталған кітапханамыз бар. Ізденуші жас маман ретінде Елбасы кітапханасындағы кітаптарды қарап шықтым. Мұндағы сирек кездесетін құнды дүниелерді көріп, балаларымды арнайы әкелемін деп шештім. Өйткені Назарбаев орталығындағы аса құнды жәдігерлермен қазақстандықтардың басым көпшілігі, оның ішінде жастар танысса деймін. «Отан – отбасынан басталады» дегендей, үйдегі ұл-қызымның патриоттық сезімін қалыптастыру үшін алдымен осы Орталықты көрсетуім керек. Сонда ғана санасы сергек, ойы еркін ұрпақ қалыптасады деп ойлаймын. Елбасы кітапханасында ұйымдастырылған семинар-тренингтен  түйгенім – біліммен ғана асулардан асып, биіктерді бағындыра аламыз. Егемен елдің білікті мамандарын даярлауда мұндай семинар-тренингтердің берері мол, - деп ой бөлісті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің магистранты Ержан Ермаханұлы.

Екі күндік семинар-тренингке қатысқан тыңдаушыларды Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова арнайы сертификаттармен марапаттап, құнды кітаптарды тарту етті.