ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН БАС ТАРТУҒА ШАҚЫРАДЫ

1 қазан күні, 16-30 сағатта Елбасы кітапханасында (Әлихан Бөкейхан көшесі, 1, Назарбаев орталығы) «Сіз бағалайтынның бәрі – ядролық қарудан азат әлем үшін» халықаралық көшпелі көрмесінің тұсаукесері өтеді.

Іс-шараны Жапониядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, «Soka Gakkai International» (SGI), Ядролық қаруды жоюды қолдайтын Халықаралық компания (ICAN) ұйымдастырады.

Көрме Семей ядролық сынақ полигонындағы соңғы жарылыстың 30 жылдығына (1989 жылғы 19 қазан), «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10 жылдығына (2009 жылғы 5 қаңтар), Қазақстанның ағымдағы жылдың 29 тамызында әлемдегі 26-шы ел болып Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялаған атаулы күнге арналған. Сондай-ақ, аталған көрме - Елбасы кітапханасының жаһандық қауіпсіздік тақырыбына арналған халықаралық жобасының жалғасы. Оның алғашқы бөлімі - а.ж. 19 қыркүйекте Токио қаласында өткен Елбасы кітапханасының «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» тақырыбындағы көрмесі мен халықаралық конференциясы.

«Сіз бағалайтынның бәрі - ядролық қарудан азат әлем үшін» көрмесі қаруды жоюдың маңыздылығы мен өзектілігін кеңінен таратып, бұл мақсатқа  мүдделі адамдардың қатарын кеңейтуді көздейді. Бұл көрме алғаш рет 2012 жылғы тамызда Хиросима қаласында өткен «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа қарсы» халықаралық конференциясында (IPPNW)  көрсетілген болатын. Кейін аталмыш көрме БҰҰ-ның Женевадағы Еуропалық штаб-пәтерінде, Мексикада өткен Ядролық қарудың гуманитарлық әсер етуі жөніндегі конференцияда, сондай-ақ Чикаго университетінде және әлемнің басқа да көптеген жоғарғы оқу орындарында қойылған болатын.

Көрме материалдары Орталық Азияда бірінші рет орыстілді нұсқада ұсынылып отыр. Көрме экспозициялары үш тақырыптық бағыттардан тұрады:

«Біз үшін не қымбат?» бөлімі Хиросима мен Нагасаки атом бомбаларының тарихи дәлелдерін келтіре отырып, қазіргі уақытта да ядролық қару қаупінің бар екенін баяндайды.

«Ядролық қару мәселесі туралы көбірек біліңіз» атты екінші бөлімде ядролық қару мәселесі гуманитарлық, экологиялық, экономикалық, адам құқықтары, моральдық-этикалық, гендерлік және басқа да әртүрлі тұрғыдан қарастырылады. Мұнда түрлі сын-қатерлерге төтеп беру үшін бұл салаларда қабылданып жатқан күш-жігер туралы ақпарат ұсынылған.

«Біз қалайтын болашақ – әлемге деген көзқарасымызды өзгерту» деп аталатын үшінші бөлім қарусыздану саласында жеткен жетістіктермен таныстырады. Олар - ядролық қарудан азат аймақ құру, Жаяу әскерге қарсы қойылатын миналарға тыйым салу туралы шарт және Кассеталық оқ-дәрілер жөніндегі конвенция. Бұл бөлім ниеттестік пен ынтымақтастықтың күрделі мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Soka Gakkai International (SGI) – бейбітшілік, мәдениет және білім саласындағы қызметті халықаралық деңгейде жүзеге асыратын ұйым. Ол әлемдегі елдер мен өңірлердің 93 ұйымы мен 192 мемлекетте өмір сүретін 12 миллион адамды біріктіреді. Қауымдастық 1957 жылдан бастап ядролық қаруды қолдануды адамзатқа қарсы қылмыс деп есептеп, ядролық қаруға тыйым салу декларациясын ұстанады. SGI штаб-пәтері Жапонияда (Токио қ.) орналасқан. Атап айтқанда, ол әлемде БҰҰ-ның үкіметтік емес ұйымы ретінде бейбітшілік пен қарусыздандыру бойынша ағартушылық қызметімен танымал.

Ядролық қаруды жоюды қолдайтын халықаралық компаниясы (ICAN) – 2007 жылы «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа қарсы» халықаралық конференциясының (IPPNW) негізінде құрылған қоғамдық ұйым. Қазіргі уақытта әлемдегі 100-ден астам мемлекеттің 500-ге жуық ұйымы серіктес ретінде ерікті түрде оның қызметін қолдайды. 2017 жылғы шілдеде БҰҰ қабылдаған «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты» жүзеге асыруға қосқан үлесінің азаматтық қоғам тарапынан танылу белгісі ретінде 2017 жылғы желтоқсанда аталған ұйым әлемдік Нобель сыйлығын алды.

«Сіз бағалайтынның бәрі - ядролық қарудан азат әлем үшін» көрмесі 2019 жылғы 13 қазанға дейін жалғасады.