Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекеде Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады. Айтулы күн қарсаңында елде өткізіліп жатқан шаралардың қатары Елбасы кітапханасында өткен кездесумен толықты. Кездесудің қонағы, «Қазақстан» арнасының тележүргізушісі Ирина Тен әулетінің тарихы мен қазақ жеріне алғаш аяқ басқан бабалары жөнінде сыр бөлісті.

Ирина Тен 1992 жылғы 16 желтоқсанда дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын 2011 жылы «Таң» телеарнасынан бастап, 2012 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасына ауысады. 2015 жылдан бастап «Бүгін жексенбі» бағдарламасын мемлекеттік тілде жүргізіп келеді. Қазақы ортада туып өскен Иринаның айтуынша, бала кезінде тілі қазақша шыққан.

Жастармен кездесу барысында Ирина елімізге жер аударған кәрістердің тарихи тағдырын баяндады. 1937 жылдың қыркүйегінен бастап Қиыр Шығыс шекарасынан Оңтүстік Қазақстан облысына, Арал теңізі мен Балқаш көлі аудандарына, Өзбек КСР-сына 172 мың кәріс жер аударды.

– Атам Владимир Тен 1926 жылы туған. 1942 жылы Еңбек әскеріне шақырылып, Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейін Коми Республикасының шахталарында жұмыс істеген. Әулетіміздің кейінгі буыны Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келді. Қазіргі уақытта кәрістер еліміздегі ірі диаспора өкілдерінің бірі. Қазақстанда тұрып жатқан 100 мыңдай олардың саны ұлт өкілдерінің саны арасында сегізінші орында. Бүгінде олар түрлі салаларда қызмет атқарып жүр. Корей халқының мәдениеті мен тілін сақтап, дамытуға барлық жағдайлар жасалған, - дейді Ирина Тен.

Қазіргі таңда Қазақстан 130 ұлт пен 17 діни бағыттың басын қосып отыр. Алғыс айту күнінде түрлі сала мен бағыттағы ұйымдарда ұлтаралық келісімді орнатудағы қазақ халқының үлесі айтылады. Түрлі этникалық түптамырларына қарамастан, мемлекет тұрғындарының барлығы біртұтас Қазақстан халқын құрай бермек.