ИОРДАНИЯ ХАШИМИТ КОРОЛЬДІГІНІҢ ЕЛШІСІ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ МУЗЕЙІНЕ КЕЛДІ

Иордания Хашимит Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Юсуф Абдулғани Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының бұрынғы резиденциясында орналасқан Елбасы кітапханасының музейінде болды. Бұл ғимаратта Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1997-2004 жылдар аралығында астананы еліміздің орталығына көшіргеннен кейін жұмыс істеді. Құрметті қонақ тарихи ғимаратта ұсынылған бірегей экспозициялармен танысты.

Экскурсия барысында елшіге Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі арқылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін бейнелейтін бірегей экспонаттар ұсынылды. Атап айтқанда, жас мемлекеттің тарихы жазылған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жұмыс кабинеті.

Экспозиция соңында Юсуф Абдулғани музейден алған әсерімен бөлісіп, пікір кітабына өз тілегін қалдырды.

«Биыл Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеді. Қазақстан халқын осындай айтулы мерекемен шын жүректен құттықтағым келеді. Бүгін ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайына келіп, қазақ халқының батылдығы мен рухына тәнті боп отырмын. Болашақта да екі елді тек достық пен келісім байланыстыратын болады деп сенемін. Мүмкіндікті пайдалана отырып, Тәуелсіз Қазақстанның тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берген Елбасы кітапханасына алғыс айтқым келеді», – деді ол.